Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

СҚО-да бюджет қаражатын жымқырған бухгалтерлер сотталды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданында бюджет қаражатын жымқырған ауылдық округ әкімдіктерінің бухгалтерлеріне қатысты сот үкімі шықты. 

сот, судья, сот үкімі
Фото: Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты

СҚО прокуратурасының мәліметінше, бюджет қаржысын ұрлау фактілері заңдылықты қамтамасыз ету және бюджеттік қаражаттың жұмсалуын талдау барысында анықталған.

Тергеу барысында бухгалтерлердің қаражатты заңсыз аудару, бухгалтерлік құжаттарға жалған мәліметтер енгізу және қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдалану арқылы мемлекет қаржысын иемденгені белгілі болды.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін қылмыстық істер сотқа жолданып, сотталушылардың кінәсі толық дәлелденді.

Сот үкімімен бухгалтерлер кінәлі деп танылып, оларға пробациялық бақылау белгілене отырып, шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар, оларға төрт және бес жыл мерзімге бухгалтерлік қызметке және материалдық жауапкершілікке байланысты лауазымдарды атқаруға тыйым салынды.

Прокуратура мемлекеттік қызметшілер бюджет қаражатының ашық әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етуге міндетті екенін еске салып, мемлекеттік қаржыға қатысты кез келген заңсыз әрекет заңда көзделген жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.

Бұған дейін БҚО-да бухгалтер 106 млн теңге бюджет қаржысын құмар ойынға жұмсағанын жазған едік.