СҚО-да дүниеге келгендерден қайтыс болғандардың үлесі жоғары
Солтүстік Қазақстан облысы биыл қаңтар-қыркүйек айында 4192 нәресе дүниеге келді. Қазіргі уақытта өңірдегі халық саны 531,3 мың адамды құрап отыр, деп хабарлайды Kazinform.

Ұлттық статистика бюросының СҚО бойынша департаментінің мәліметінше, өңір тұрғындарының 48,8%, яғни 259,4 мың адам қалада тұрады. Ал 271,9 мың адам немесе 51,2% - ауыл тұрғыны.
Биылғы қаңтар-қыркүйекте дүниеге келген 4192 нәрестенің 2129 – ұлдар және 2063 – қыздар. Жаңа туған балалардың 41,6% облыс орталығында туған.
«Облыс аудандары арасында бала туу көрсеткішінен Уәлиханов ауданы бірінші келеді. Бұл ауданда туу коэффициенті 16,49 промилле, Ақжар – 14,55, Шал ақын – 11,57, Айыртау ауданында – 11,20 промилле. Облыс бойынша ең төмен туу көрсеткіші Аққайың ауданында – 8,92 промилле, М. Жұмабаев ауданында – 8,99, Есіл ауданында – 9,30», - делінген хабарламада.
Сәйкес мерзімде облыс аумағында 4360 адам қайтыс болды. Өңір тұрғындарының негізгі өлім себептеріне тоқталар болсақ: қан айналымы жүйесінің ауруларынан - 16,1%, тыныс алу органдарының ауруларынан - 13,9, ас қорыту органдарының ауруларынан - 8,6, онкологиядан - 8,3, жазатайым оқиғалар, улану мен жарақаттанудан - 7,2% қайтыс болған.
Жыл басынан қазанға дейін 2388 неке тіркелді. Азаматтық хал актілерін тіркеу органдарының деректері бойынша, некені бұзу туралы сот шешімдерінсіз 484 ажырасу тіркелді.