СҚО-да ІІ Дүниежүзілік соғыстың соңғы ардагері өмірден өтті

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында соғыс ардагері Федов Щеглов өмірден озды. 

СҚО-да ІІ Дүниежүзілік соғыстың соңғы ардагері өмірден өтті
Фото: СҚО әкімдігі

Бұл туралы облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады

Майдангер санаулы күннен кейін 99 жасқа толар еді. 

— Федор Васильевичтің өмірі — төзімділіктің, адалдықтың және Отанға шексіз сүйіспеншіліктің айқын үлгісі. Ол әскери жолын 17 жасында бастап, 371-ші атқыштар дивизиясының құрамында ауыр жылдарды өткерді. Соғыстан кейін құрылыс саласында еңбек етіп, бейбіт заманда да елге адал қызметін жалғастырды.

Жыл сайын мен Федор Васильевичке барып тұратынмын. Оның әңгімелері — даналыққа, Отанға деген шексіз сүйіспеншілікке толы еді. Сол естеліктер әрдайым жүрегімізде сақталады.

Жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Федор Васильевичтің ерлігі, еңбегі және жарқын бейнесі солтүстікқазақстандықтардың жадында мәңгі сақталады, — деп жазды СҚО әкімі. 

Федор Щеглов — ІІ Дүниежүзілік соғыста болған, жеңісті жақындатуға үлес қосқан өңірдегі соңғы ардагер.

Бұған дейін Таразда 105 жасқа қараған шағында Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, майдангер Григорий Нещеретнев дүниеден өткенін жазған едік.