СҚО-да егіс алқабының құнарлылығын сақтамайтын шаруашылықтарға шара қолданылмақ
СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаевтің айтуынша, егіс алқаптарының шұрайын сақтап, дәнді дақыл мен көкөністің өнімін арттыру үшін биыл 3 млн га аумаққа 200 мың тонна минералды тыңайтқыш қолданылмақ.
«Минералды тыйңайтқышты қолдануды жылдан-жылға арттырып келеміз. Былтыр 171,6 мың тонна 2,7 млн га алқапқа қолданылды. Бұл – 2021 жылмен салыстырғанда 11,6 мың тоннаға көп. Қазіргі уақытта минералды тыңайтқышты тасымалдайтындармен 130 мың тоннаға келісімшарт жасалды», - дейді спикер.
Өңірде егін шаруашылығымен айналысатын 4 мыңнан астам агроқұрылым болса, соның шағын үлесі ғана жердің құнарлылығын сақтау үшін жұмыс істейді.
«Облыс диқандары минералды тыңайтқышты қолдануда ең төменгі норманы қолданады, ғылыми негізделген мөлшер бір гектарға 120 келі болса, шаруалар соның жартысын ғана енгізіп жатыр. Минералды тыңайтқыштарды енгізу – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану қағидаларының міндетті нормасы. Осы норма орындалмаған жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске сәйкес мәжбүрлеп алып қоюға жататынын атап өткім келеді», - дейді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, биыл 3,3 млн га арамшөптерге қарсы химиялық өңдеу, 894,3 мың га алқапта зиянкестер мен ауруларға қарсы өңдеу жүргізілмек.