СҚО-да екі айда 150-ге жуық мас жүргізуші ұсталды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында екі айда 58 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 10 адам мерт болды.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдың 25 жастағы тұрғыны «Jetour» маркалы автокөлікпен «Челябі — Новосібір» автожолының 631 шақырымында ұсталды. Ол рұқсат етілген 100 км/сағ жылдамдықтың орнына 151 км/сағ жылдамдықпен жүрген. Құқық бұзушыға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Жүргізушіге жылдамдықты шамадан тыс асырудың салдары туралы профилактикалық әңгіме жүргізілді.
СҚО ПД бастығының орынбасары Марат Жұмалиевтің айтуынша, қабылданып жатқан шараларға қарамастан, екі айда облыста 58 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 72 адам зардап шеккен, 10 адам көз жұмды. Оған жүргізушілердің тәртіп сақтамауы, жылдамдықты арттыру, бағдаршам сигналдарын елемеу себеп болған.
Сондай-ақ екі айдың ішінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың 34 мыңға жуық дерегі анықталып, 144 мас жүргізуші ұсталды.
— Жақында түнгі уақытта «Рөлде ұйқы» атты кезекті акция өтті: медицина қызметкерлерімен бірге алыс бағыттағы жүргізушілерді тоқтатып, олардың жағдайын тексеріп, еңбек және демалыс режимін сақтау қажеттігін еске салдық. Рейд барысында 30 автокөлік жүргізушісі, оның ішінде жүк көліктерінің жүргізушілері қамтылды. Мұндай іс-шаралар жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, — дейді Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Алтынбек Жамалиев.
Бұған дейін Алматыдағы жантүршігерлік жол апатына байланысты полиция қызметтік тексеруді бастағанын жазған едік.