СҚО-да экологиялық қауіпсіз жылу қазандықтары орнатылып жатыр

СҚО бойынша экология департаменті 2020-2025 жылдарға арналған өңірдегі экологиялық проблемаларды кешенді шешу Жол картасының тармақтарын іске асыру бойынша жиын өткізді. Тармақтың бірі – ауа қабатын ластайтын зиянды заттардың таралуын азайтуға арналған.
Соңғы екі жылда облыста биомассада жұмыс істейтін 50 қазандық орнатылды. Соның бірі Айыртау ауданы Арықбалық ауылында жұмыс істеп тұр. Блоктық-модульдік қазандық сатып алынып, орнатылды. Қазандықтың жалпы қуаты 4 Гкал/сағ.
Биылғы жылыту маусымында бұл қазандық жұмыс күші артық өңірлерден қоныс аударған азаматтар тұратын жеке 10 тұрғын үйді, екі қабатты үш үйді және әлеуметтік нысандарды – мектеп, аурухана, полиция ғимаратын, ауыл әкімдігін және қызмет көрсету нысандарын жылытады.
Ал Солтүстік Қазақстан облысындағы жылу электр орталығының иесі «Севказэнерго» АҚ қоршаған ортаға тарайтын зиянды заттардың мөлшерін азайту үшін 2021 жылы 401,4 млн теңге бөлді. Нәтижесінде көмірді тұтыну 25,48 мың тоннаға дейін азайтылды.
Қомақты сомаға қазандық агрегаттарының қыздыру беті қалпына келтірілді. Ол шығатын газдардағы ластаушы заттарды тиімді тазартуды, кәдеге жаратуды, бейтараптандыруды, басуды және залалсыздандыруды қамтамасыз етеді. Қоршаған ортаға эмиссияны төмендету жоспар бойынша 270 тонна болса, атқарылған жұмыс нәтижесінде ол 462,3 тоннаға жетті.
Былтыр компания қазандық агрегаттарының қыздыру беттерін қалпына келтіру мақсатында №4,5,7,8,9,12 қазандық агрегаттарына жөндеу жұмыстарын жүргізді. Осылайша көмір тұтынуды 26,3 тоннаға дейін азайтты.
Экологтардың айтуынша, былтыр өңірде қуаттылығы 50 МВт болатын желэлектрстансасы пайдалануға берілуі тиіс еді. Алайда оны Айыртау ауданы Саумалкөл ауылында орнатуы тиіс «Energo trust» ЖШС жобаны мерзімінде аяқтамады. Енді оны көрші Ақмола облысына көшіруді жоспарлаған.