СҚО-да еңбек шарттарын талапқа сай рәсімдемеген 19 лауазым иесі жауапқа тартылды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы орман шаруашылығы мекемелерінде еңбек заңнамасының сақталуын талдау барысында заңнаманың бірқатар бұзушылықтарын анықтады.

Еңбек шарты
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Облыс прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Орман шаруашылығының басшылары 33 қызметкермен жасалған еңбек шарттары туралы міндетті мәліметтерді еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізбеген, бұл Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің талаптарына қайшы және азаматтардың еңбек қатынастарын тиісінше ресімдеу, еңбек өтілін растау құқығын шектеген.

Сонымен қатар, жұмыс уақытын есепке алу тәртібінде бұзушылықтар анықталды, соның нәтижесінде жекелеген қызметкерлерге олардың жұмыс орнында нақты болмаған кезеңдері, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде болған күндері үшін жалақы есептеліп, төленген.

Қабылданған шаралардың арқасында 33 қызметкердің құқығы қалпына келтірілді-еңбек шарттары туралы мәліметтер ЕШЕАБЖ-не толық көлемде енгізілді, азаматтардың өздерінің еңбек қызметі туралы ақпаратқа қолжетімділігі қамтамасыз етілді.

Негізсіз төленген жалақы сомасы бюджетке өтелді, 19 лауазымды тұлға тәртіптік жауапқа тартылды.

-Азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуы, сондай-ақ бюджет қаражатын пайдаланудың заңдылығы прокуратура органдарының тұрақты бақылауында, - делінген Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы таратқан ақпаратта.

Осыған дейін елімізде еңбек шарты онлайн жасалып, жеке ісі цифрлық форматқа ауысатыны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар