СҚО-да еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасына 30 шақты кәсіпорын енген
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында еңбек қатынастары саласында тәуекел деңгейі жоғары 28 кәсіпорын есепке алынған.
Еңбек инспекциясы комитетінің СҚО бойынша департаментінің мәліметінше, елімізде еңбек қауіпсіздігін арттыру және кәсіпорындардағы ықтимал еңбек тәуекелдерінің алдын алу мақсатында 2024 жылы «Еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасы» ақпараттық жүйесін іске қосылды. Бұл жүйе еңбек қатынастары саласындағы мәселелерді ерте анықтауға және проблемалардың алдын алуға мүмкіндік береді.
СҚО бойынша бұл картаға 28 кәсіпорын енген.
— Тәуекел картасында көрсетілетін негізгі мәселелерге тоқталсақ, кәсіпорындарда қызметкерлерді сақтандыру шартының болмауы, тіркелген еңбек шарттары мен міндетті зейнетақы жарналары аударымдары арасындағы сәйкессіздік, кадрлар тұрақсыздығы, сондай-ақ әлеуметтік аударымдар бойынша берешектің болуы. Облыс кәсіпорындарындағы тәуекелді жағдайлардың алдын алу мақсатында былтыр үшжақты комиссиялардың 122 отырысы өткізілді. Комиссия отырыстарында жекелеген еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік-еңбек қатынастарының жай-күйі талқыланып, жалақы мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешекті болдырмау, сондай-ақ жұмыстан босатылатын қызметкерлерге қатысты қажетті әлеуметтік және құқықтық шараларды қабылдау мәселелері қаралды, — дейді департамент басшысының міндетін атқарушы Азат Көшербаев.
Сондай-ақ, мемлекеттік еңбек инспекторлары былтыр қызметкерлерді еңбек шартын жасаспай жұмысқа тартудың үш фактісін анықтады. Барлық жұмыс берушілерге тиісті нұсқамалар беріліп, олар жалпы сомасы 472 мың теңге айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мамандардың айтуынша, былтыр СҚО-да наразылық акциялары мен еңбек жанжалдары тіркелмеген. Жалпы алғанда, өңірдегі әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы жағдай тұрақты.
Бұған дейін еңбек шартын онлайн рәсімдеуге болатындығын жазған едік.