Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

СҚО-да еңбек заңнамасын бұзған заңды тұлғаларға 11,3 млн теңгеден астам айыппұл салынды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысында қазіргі уақытта еңбекақыны уақтылы төлемеу фактілері ресми тіркелмеген.

тағайындау, шенеунік
Фото: GOV.KZ

Бұл туралы Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің СҚО бойынша департаменті хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, жыл басынан бері еңбек инспекциясына еңбекақының мерзімінде төленбеуіне байланысты 111 шағым түскен. Мемлекеттік еңбек инспекторлары анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы жұмыс берушілерге 96 нұсқама беріп, олардың толық орындалуын қамтамасыз еткен. Ал еңбек заңнамасын бұзғаны үшін 79 лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 11,35 млн теңгеден астам айыппұл салынған.

- Төрт кәсіпорынға қатысты материалдар сот орындаушыларына мәжбүрлеп орындату үшін жолданды. Олар - «SCK» ЖШС, «Astek-Auto» ЖШС-нің Петропавл қаласындағы өкілдігі, «YA Media Group» ЖШС және «Astek-Auto» ЖШС. Бұған еңбек инспекторларының нұсқамаларын орындамауы және әкімшілік айыппұлдарды уақытылы төлемеуі себеп болды, - дейді департамент басшысы Мирас Сабағанов. 

Былтыр мемлекеттік еңбек инспекторлары жеке және заңды тұлғалардан түскен 1 245 өтінішті қарап, 224 тексеру жүргізген. Нәтижесінде еңбек заңнамасын бұзудың 464 дерегі анықталған. Оның 251-і әлеуметтік-еңбек қатынастарына, ал 213-і еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарына қатысты болған.

Тексеру қорытындысы бойынша жұмыс берушілерге 131 нұсқама беріліп, 72 лауазымды және заңды тұлғаға жалпы сомасы 11,4 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 103 қызметкердің еңбек құқығы қорғалып, олар жалпы сомасы 17 млн теңге еңбекақысын алды. 

- Өңірде құрылыспен айналысқан «Қазградстрой НС» ЖШС оңалту сатысында тұр. Кәсіпорынның екі қызметкерге еңбекақы берешегі 3,7 млн теңге шамасында. Компания директорының қайтыс болуына байланысты банкроттық рәсімін бастау әзірге мүмкін болмай отыр. Мұрагерлік рәсімдері аяқталғаннан кейін кәсіпорынды банкрот деп тану бойынша тиісті шаралар қабылданады, - дейді Мирас Сабағанов.

Департаменттің мәліметінше, қазіргі уақытта СҚО-да наразылық акциялары мен еңбек жанжалдары тіркелмеген. Жалпы әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы ахуал тұрақты деп бағаланған.

Ал еңбекақысы уақытында төленбеген жағдайда қызметкерлер еңбек инспекциясына жүгіне алады. Мамандардың айтуынша, азаматтар Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің СҚО бойынша департаментіне жеке қабылдауға жазылып, мемлекеттік еңбек инспекторларынан кеңес ала алады. Сондай-ақ өтінішті «e-Otinish» бірыңғай платформасы арқылы онлайн жолдауға мүмкіндік бар.

Еңбек заңнамасына сәйкес, жұмыс берушінің еңбекақыны уақытында төлемеуі әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Мұндай жағдайда мемлекеттік еңбек инспекторлары тексеру жүргізіп, заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама береді. Нұсқама орындалмаған жағдайда кінәлі тұлғаларға айыппұл салынып, материалдар мәжбүрлеп орындату үшін сот орындаушыларына жолдануы мүмкін.

Бұған дейін Астанада еңбек заңнамасын бұзған 96 жұмыс берушіге 18 млн теңге айыппұл салынғанын жазған едік.