Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

СҚО-да инвестор мен шаруашылық арасындағы дау сотқа жетпей шешілді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында прокуратура 47,5 млрд теңгеге бағаланған инвестициялық жобаның жүзеге асуына кедергі болған дауды шешуге ықпал етті.

Бас прокуратура
Фото: Бас прокуратура

СҚО прокуратурасының мәліметінше, Айыртау ауданында «Баян» вольфрам кен орнын игеру жөнінде ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бұл жобаны «Ресурс-2018» ЖШС қолға алған. Қазіргі уақытта нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кәсіпорын толық қуатына шыққаннан кейін мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Жоба аясында инвестордың мердігер ұйымы «Саумалкөл Агро» ЖШС жерінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, салдарынан дәнді дақыл егістігіне залал келтірген. Шаруашылық келтірілген шығынды 640 мың теңгеге бағалаған.

Айыртау аудандық прокуратурасының бастамасымен екі тарап кездесіп, өзара тиімді келісімге келді. Инвестор келтірілген шығынды толық көлемде ерікті түрде өтеді. Ал жер пайдаланушы өз тарапынан ешқандай талап-арызы жоқ екенін растап, геологиялық барлау жұмыстарын жалғастыруға, оның ішінде алдын ала келісілген қосымша екі жер учаскесінде жұмыстар жүргізуге келісім берді.

Бұған дейін Семейде прокуратура 1,2 млрд теңгенің тиімсіз жұмсалуына жол бермегенін жазған едік.