СҚО-да ірі жол апатында бір адам мерт болып, тағы бесеуі жарақаттанды

Облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Астана-Петропавл автожолының 424-інші шақырымында, Аралағаш ауылының маңында «Меrcedes Е220» көлігінің жүргізушісі, 25 жастағы Қырғызстан Республикасының азаматы жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, бірнеше тонна қиыршық тасты тасымалдап келе жатқан «Shacman» жүк көлігімен соқтығысты.
Жол апаты салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі алған жарақаттардан оқиға орнында жан тәсілім етті. Бір және үш жастағы екі сәби Петропавлдың облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
Үш ересек жолаушы - Қырғызстан Республикасы Бөткен қаласының тұрғындары түрлі жарақаттармен Петропавл қаласының емдеу мекемелеріне және Смирново аудан орталығының ауруханасына жолданды.
Жүк көлігі жол апаты салдарынан зақымданды, абырой болғанда, оның жүргізушісі дін аман.
Анықталғандай, Қырғызстан азаматтары Ресейден елдеріне қайтып бара жатқан. Алдын ала болжам бойынша, жүргізуші ұйықтап кетіп, жолдың қарсы бағытына шығып кеткен.