СҚО-да қар құрсауында қалған балықшы аман-есен құтқарылды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Көкшетау қаласының 61 жастағы тұрғыны Солтүстік Қазақстан облысына балық аулауға барып, боранда адасып кеткен. 

СҚО-да қар құрсауында қалған балықшы аман-есен құтқарылды
Фото: СҚО ПД

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ер адам «ВАЗ-2115» автокөлігімен Тайынша ауданындағы Құмдыкөл көліне жол тартқан. Күндіз ауа райы қолайлы болғанымен, кешке қарай жел екпіні күшейіп, боран басталған. Үйіне қайтпақ болған ер адам бағытынан жаңылып, көлігімен қарға батып қалған.

Өздігінен қар құрсауынан шыға алмасын білген ол сағат шамамен 21:00–де жергілікті танысына хабарласқан.

Ер адамды іздеуге полиция бөлімі, төтенше жағдайлар бөлімі және аудан әкімдігі қызметкерлері жедел жұмылдырылды. Учаскелік инспектор мен құтқарушылар онымен байланыста болған. Түн ортасында арнайы техниканың көмегімен тәртіп сақшылары мен құтқарушылар қар басқан автокөлікті тауып алды. Балықшы Макашевка ауылына эвакуацияланды. Медициналық көмек қажет болған жоқ.

— Қолайсыз ауа райында аса қажеттілік болмаса сапарға шықпауға, метеоболжамдар мен құзырлы қызметтердің хабарламаларын қадағалауға кеңес береміз. Жолға шығарда жылы киім мен сенімді байланыс құралдарын өзіңізбен бірге алу қажет, — дейді полицейлер.

Бұған дейін экспедиция кезінде көлігі бұзылған шетелдік Kazinform агенттігінен көмек сұрағанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар
Референдум