СҚО-да кәсіпкерлердің құқығы жиі бұзылатын салалар анықталды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында құқық қолдану практикасына талдау жүргізіліп, бизнестің жүйелі мәселелері анықталды. Соның ішінде кәсіпкерлерді негізсіз сотқа тартып, заңнамалық рәсімдерді жиі бұзатын мемлекеттік органдар белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да кәсіпкерлердің құқығы жиі бұзылатын салалар анықталды

СҚО кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, облыстық прокуратурада бизнесті қорғау экожүйесін дамыту және тартымды бизнес-климатты қалыптастыру мәселелері жөніндегі жұмыс тобының қорытындысы шығарылды.

«Бизнесті қорғаудың экожүйесі» - бұл мемлекеттік органдардың, адвокаттық және заң қоғамдастықтарының, «Атамекеннің» бірлескен жұмысы нәтижесінде жедел және стратегиялық міндеттерді шешуге бағытталған Ұлттық палатаның жаңа жобасы.

«Биылғы жарты жылдықта кәсіпкерлердің қатысуымен болған істерді саралап, жұмыс тобы дауларды жиі сотқа дейін апаратын салаларды анықтады. Мәселен, жер қатынастары саласында соттың 7 шешімінің 4-і жер комиссиясының хаттамалық шешімін заңсыз деп тану және оның күшін жою туралы, не жер комиссиясының хаттамалық шешімінің заңсыздығына байланысты әкімдік қаулыларының күшін жою жайында болды. Даулы хаттамалық шешімдерді жер комиссиясының оған құқығы жоқ құрамы шығарды, ал аудио, бейнежазбалардан және отырыс хаттамаларынан конкурсқа қатысушыларға ұпайлардың қалай берілгені мүлдем түсініксіз. Нашар дыбыс, жер комиссиясы мүшелерінің бет-әлпеті анық көрінбейді, сондай-ақ барлық мүшелердің дауыс беру нәтижелері жоқ. Сонымен қатар, бейнежазба тоқтатылады, үзіледі, ал жер комиссиясы отырысының барысы туралы аудио, бейнежазба үздіксіз жүргізілуі керек. Сондықтан жер комиссиясының жер учаскелерін беру туралы шешімі заңсыз деп танылды», - дейді СҚО Кәсіпкерлер Палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев.

Бұл заңбұзушылықтар үшін сот мемлекеттік органдарға қатысты жеке ұйғарымдар шығарды. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдарға өңірдегі жер комиссияларының қызметіне талдау жүргізу, ал жергілікті атқарушы органдарға жер заңнамасы саласындағы талаптардың тиісінше орындалуын ерекше бақылауға алу ұсынылды.

Салықтық құқық бұзушылықтар саласына келетін болсақ, камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы хабарламаларды орындау мәселелеріне қатысты даулардың өсуі байқалады.

«Камералдық бақылау нәтижелері бойынша Мемлекеттік кірістер органдары анықтаған олқылықтарды жою туралы хабарламаны орындалмады деп тану туралы шешім шығаруды салық органдары тәжірибеге енгізген. Кәсіпкер хабарламамен келіспеген жағдайда тиісті түсініктеме беруге құқылы. Яғни, мұндай жағдайда хабарлама орындалды деп танылып, оның қолданылуын тоқтату керек, ал салық органы жоспардан тыс тексеруді тағайындап, анық-қанығына жетуі тиіс. Алайда, мемлекеттік кірістер органдарының қолданыстағы тәжірибесі салық төлеушілерді сотта хабарламаның орындалуын дәлелдеуге мәжбүрлейді, осылайша жұмысын тежейді», - дейді Жеңіс Қазиев.

Әкімшілік құқықбұзушылықтарды талдау көптеген жүйелі мәселені анықтауға мүмкіндік берген. Мәселен мемлекеттік тексеруші органдар «ескерту» сияқты әкімшілік жазаны ұмытып, бірден кәсіпкерлерге айыппұл салатын болған.

Жүргізілген талдаулар нәтижесінде кінәлі лауазымды тұлғалар жауапқа тартылып, анықталған барлық жүйелік проблемалар егжей-тегжейлі зерделенеді.

Облыс прокурорының орынбасары Мұрат Қожамқұлов бизнеске заңсыз араласудың барлық жағдайларында, әдетте, орындаушылар мен келісім бойынша жұмыс істейтіндер жауапқа тартылатынына ерекше назар аударды. Бұл дұрыс емес, заңбұзушылықтарға жол берген басшыларды жазалау тәжірибесін енгізу қажет.

Өңірде бизнесті қорғаудың экожүйесін дамыту басымдыққа ие болады, осы бағыттағы бірлескен жұмыс жалғаспақ.