СҚО-да кәсіпкерлер су тасқынынан болған шығынды есептеп, бағалата алмай жатыр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынынан 200-ге жуық кәсіпкер зардап шекті. Осыған орай Петропавлда бизнес субъектілеріне келтірілген залалды өтеу жөніндегі өңірлік комиссияның отырысы өтті.

СҚО кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, өңірге «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков пен Ұлттық экономика министрлігі департаментінің директоры Нұрбол Жаңабеков жұмыс сапарымен келді. Мақсат – кәсіпкерлердің мәселелеріне қанығу, түсіндіру жұмысын жүргізу.
Петропавлдағы Косогор шағын ауданында жеке кәсіпкер Любовь Афанасованың «Наш» дүкені орналасқан. Жарты жылдан соң зейнеткерлікке шығайын деп отырған қала тұрғыны су тасқыны салдарынан кәсібінен айырылды.

«Дүкенімдегі 10 млн теңгенің тауары түгелімен құрыды. Үйім де жарамсыз жағдайда. Бағалаушы мамандар дүкеніме техникалық тексеру жүргізу үшін 700 мың теңге сұрап отыр. Зейнетақы шотына ай сайын 34800 теңгені төлеуді қиналып отырғанымда, мұндай қомақты қаражатты қайдан табамын. Бағалаушы компаниялар «әкімдік кәсіпкерлерге бәрібір көмектеседі» деген желеумен қаражатты бірден төлеуімізді талап етіп отыр. Мен қазір баспанам жарамсыз қалғаннан соң пәтер жалдап тұруға мәжбүрмін», - дейді кәсіпкер.
Мамандардың айтуынша, Ереже бойынша бағалау мен техникалық тексеру жұмыстарына қаражат төлеудің екі нұсқасы қарастырылған.

«Кәсіпкер уақыт жоғалтпау үшін бағалау компанияларын өзі жалдай алады. Кейін бұл шығынды әкімдік өтеп береді. Егер мүмкіндігі болмаса, әкімдік өзі өтеп береді, оған бірақ уақыт кетеді. Қолыңызда мүліктің бүлінгенін растайтын құжаттарыңыз болса, онда барлық шығын мемлекет тарапынан өтеледі», – деді Ұлттық экономика министрлігі департаментінің директоры Нұрбол Жаңабеков.
«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков зейнетақы және басқа да аударымдарға қатысты проблеманы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде айтқанын жеткізді.
«Нақты сіздің жағдайыңызды зерделейміз. Осыған ұқсас бірлі-екілі жайттар болса онда демеушілік көмекке жүгінеміз. «Күшіміз бірлікте» қоры арқылы сіздің зейнетақы аударымдарыңызды төлеу жолын қарастырамыз», – деді Тимур Нақыпбеков.
Астанадан келген делегация Подгора шағын ауданындағы «Дары моря» дүкені мен Тепличное ауылындағы жиһаз цехына барды. Мұнда да кәсіпкерлер бағалау мен техникалық тексеруге ақы төлеудің мүмкін еместігі, сондай-ақ зақым келген нысандарға электр қуатын қосу туралы мәселелерді көтерді. Өйткені жергілікті энергетиктер электрмен жабдықтауды қайта бастамас бұрын олардың нысандарында жүргізілуі керек тексеру үшін ақы төлеуді сұрайды. Көтерілген мәселелер су тасқынынан зардап шеккен бизнес субъектілеріне келтірілген залалды өтеу жөніндегі өңірлік комиссияның отырысында айтылды.
«Біз қабылданған қағидаларды түсіндіру және өңірлік комиссиялар жұмысын жеделдету мақсатында үш өңірді араладық. СҚО-дағы бүлінген бизнес объектілеріне барып, кәсіпкерлермен тілдесіп, жергілікті әкімдіктердің осы нысандарға келмегендерін, әлі күнге дейін залалды өтеу бойынша өтініштер қабылданбай жатқанын естідік. Қазір бізге залалды өтеу үшін Қаржы министрлігінде қаражатты брондауымыз керек. Өйткені қазіргі кезде кәсіпкерлердің мұң-мұқтажын нақты дәйексіз қарамайды. Біз ҰКП және ҰЭМ тарапынан осы мәселені көтеріп отырмыз. Қаржы министрлігі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар мәселесімен айналысып жатыр. Сондықтан өңірлерден бізге осы деректер қажет», – деді Нұрбол Жаңабеков.
СҚО әкімінің орынбасары Рүстем Құрмановтың айтуынша, бүгінгі таңда өңірде 188 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі зардап шеккен. Алдын ала бағалау бойынша залал сомасы 2,9 млрд теңге шамасында. Жиында облыс әкімінің орынбасары аудандық және қалалық комиссиялардың неліктен зардап шеккен кәсіпкерлердің өтінішін әлі қабылдамай жатқанын түсіндірді.
«Комиссияларға кәсіпкерлер өтінішпен бірге құжаттардың толық пакетін қоса беруі керек. Ол үшін бағалау мен техникалық тексеру жүргізілуі тиіс. Сол деректер бойынша кейін өңірлік комиссия мүшелері өтініштерді қарайтын болады», - деді Рүстем Құрманов.
ҰЭМ өкілінің айтуынша, қалалық және аудандық комиссияларға бұл құжаттар қажет емес. Зардап шеккен кәсіпкерлердің ауызша айтқанынан алдын ала залал құнын көрсете отырып, кәсіпкерлердің өтінішін еркін формада қабылдау жеткілікті. Фактіні растау үшін аудандық/қалалық комиссия мүшелері зардап шеккен объектілерге барып, көзбен көруі міндетті. Содан кейін әрбір объект бойынша хаттамалық түрде аудандық/қалалық комиссия қорытынды береді. Қорытынды өңірлік комиссияға жіберіледі. Комиссия осы деректердің, соның ішінде қалалық/аудандық комиссияның қорытындысы негізінде залалды өтеу сомасы туралы шешім қабылдайды және құжаттардың толық пакетін министрлікке жібереді.
«Егер кәсіпкер осы қызметтер ақысын төлей алмаса, мұндай жағдайдан шығудың жолы – әкімдік, кәсіпкер және осы қызметтерді көрсететін компания арасында үшжақты келісімге отыру. Мұндай келісім бағалау және техникалық тексеру қызметтері төленетініне кепіл немесе бағалау компаниясы жергілікті атқарушы органға тікелей шот беруіне негіз болар еді», – дейді СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Есжан Оразалин.
ҰЭМ және «Атамекен» ҰКП өкілдері қолданыстағы қағидаларға түзетулер немесе нақтылау енгізу бойынша барлық ұсынысты жазуға уәде беріп, өңірлік комиссия мүшелеріне кәсіпкерлерден өтінімдерді қабылдау процесін жеделдетуге және зардап шеккен бизнеске келтірілген залалды өтеу жөніндегі жұмысты пысықтау керектігін айтты.
Бұған дейін Атырау облысы Сарайшық ауылында бөгет астынан кеткен тасқын суға дер кезінде тосқауыл қойылғанын жазған едік.