СҚО-да кәсіпкерлерге еңбек заңнамасын бұзғаны үшін 5 млн теңге айыппұл салынды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысында биыл еңбек инспекциясына 443 шағым түссе, оның 400-і еңбек құқығының бұзылуына қатысты болған. 

СҚО Кәсіпкерлер палатасы
Фото: СҚО Кәсіпкерлер палатасы

СҚО кәсіпкерлер палатасында бизнес өкілдеріне еңбек заңнамасын қатаң сақтау қажеттігі тағы да ескертілді. Кездесуге мемлекеттік органдардың өкілдері мен қоғамдық тамақтану саласында жүрген кәсіпкерлер қатысты.

Іс-шараның негізгі мақсаты - еңбек дауларының алдын алу, өндірістегі қауіпсіздікті күшейту және кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру болды. Жиын барысында жұмыс берушілерге, кадр мамандарына, бухгалтерлер мен мейрамхана, кафе әкімшілеріне Еңбек кодексі талаптарын сақтаудың маңыздылығы түсіндірілді.

Жиын барысында негізгі баяндаманы мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің СҚО бойынша департаментінің басшысы Мирас Сабағанов жасады. Ол жұмыс берушілерге қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру, Enbek.kz жүйесіне мәліметтерді уақытылы енгізу, соның ішінде шетелдік жұмысшылар туралы ақпарат беру, еңбек шарттарын дұрыс рәсімдеу сияқты маңызды талаптарды еске салды.

СҚО Кәсіпкерлер палатасы
Фото: СҚО Кәсіпкерлер палатасы

Мирас Сабағановтың айтуынша, жыл басынан бері департаментке 443 өтініш келіп түскен. Оның 403-і еңбек құқығының, қалғаны еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне байланысты болған. Тексеру нәтижесінде 95 заң бұзушылық анықталып, 57 нұсқама берілген. Сондай-ақ 32 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы шамамен 5 млн теңге айыппұл салынды.

Осы жылдың есепті кезеңінде 7 жазатайым оқиға тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 58% аз.

Кездесу барысында жаз мезгілінде кәмелетке толмағандарды жұмысқа қабылдау мәселесі де көтерілді. Еңбек инспекциясының еңбек қатынастары бөлімінің басшысы Әсел Абдуғалиеваның айтуынша, Қазақстанда еңбек шарты 14 жастан бастап ата-ананың қатысуымен жасалады. Ал 15-16 жастағы жасөспірімдер өз бетінше келісімшарт жасай алады, бірақ олардың түнгі уақытта жұмыс істеуіне, артық жұмысқа тартылуына және кейбір ауыр еңбек түрлерін атқаруына заңмен тыйым салынған.

Сонымен қатар жиында адам саудасының алдын алу, еңбекті қанауға жол бермеу және киберқауіпсіздік мәселелері де назардан тыс қалмады.

СҚО Полиция департаментінің мәліметінше, былтыр облыста 654 интернет алаяқтық фактісі тіркеліп, шығын 1,4 млрд теңгеден асқан. Ал осы жылдың алғашқы тоқсанында 135 жағдай тіркеліп, жалпы шығын 350 млн теңгеге жетті. Зардап шеккендердің ішінде кәсіпкерлер мен түрлі кәсіпорын қызметкерлері де бар.

Бұған дейін СҚО-да орман шаруашылықтарында еңбек заңнамасын бұзу фактілері анықталғанын жазған едік.