СҚО-да қайтарылған активтер есебінен сумен жабдықтау нысандары іске қосылды
АСТАНА. KAZINFORM — Өңірдегі Булаев, Ақжар және Тайынша аудандарында су желілері жаңартылды. Соның арқасында 22 мыңнан астам ауыл тұрғыны таза ауыз суға қол жеткізе алады.
Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының дерегіне сәйкес Мемлекет басшысының халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау аясында прокуратура органдары қайтарған қаражат есебінен сумен жабдықтау саласында өңірде бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Қазіргі уақытта Булаев топтық су құбырын қайта құру, Ақжар және Тайынша аудандарының елді мекендеріне су желілерін салу аяқталды. Салынған құбырлардың жалпы ұзындығы 290 шақырымнан асады.
— Көкшетау топтық су құбырына жалғасатын Шал ақын және Айыртау аудандарының 24 ауылын ауыз сумен қамтамасыз ететін су құбырының құрылысы аяқталып қалды. Бұл жобаларды жүзеге асыру қадағалау органының бақылауында. Атқарылған жұмыстардың арқасында 22 мыңнан астам ауыл тұрғыны таза ауыз суға қол жеткізе алады, бұл облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсартады, — делінген хабарламада.
Облыс прокуратурасы мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылатын әлеуметтік жобалардың орындалу барысын бақылауды жалғастырады.
Бұған дейін Балқаш әуежайын реконструкциялауға қайтарылған активтер есебінен 945 млн теңге бөлінгені белгілі болды.