СҚО-да қырық жылдан артық құжатсыз жүрген 38 адам биыл жеке куәлік алды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Қазіргі уақытта өңірде құжатсыз жүрген тағы 75 адамның мәселесін шешу мақсатында материалдар жиналып жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, құжатсыз жүруге әртүрлі себеп болуы мүмкін. Бұл әрдайым жауапсыздықтың немесе немқұрайлылықтың салдары емес.
Мәселен, Мағжан Жұмабаев ауданының 61 жастағы тұрғыны 1980-жылдары әскер қатарында қызмет етіп, сол жерде жүргізуші мамандығын меңгерген. Кейін өмір бойы автобус пен жүк көліктерін жүргізіп, түрлі кәсіпорындарда еңбек еткен. Бірақ өмірлік жағдайларға байланысты Қазақстан Республикасының құжаттарын ала алмаған.
Соңғы жылдары ол кездейсоқ табысқа күн көруге мәжбүр болған. Енді жеке куәлік алғаннан кейін ресми жұмысқа орналасып, медициналық қызметтер мен әлеуметтік жеңілдіктерді пайдалана алады.
Мағжан Жұмабаев ауданында полицейлер жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ азаматтарды анықтап, оларды құжаттандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізді.
Алдымен қажетті мәліметтерді учаскелік полиция инспекторлары жинады. Сонымен қатар СҚО полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері де елді мекендерге барып, тиісті жұмыстар атқарды.
Әрбір жағдай бойынша құзырлы органдарға, соның ішінде жақын және алыс шетелдердің тиісті мекемелеріне сұрау салынды. Тұрғындардың басқа мемлекеттің азаматы еместігі тексеріліп, расталды.
Аудандық полиция бөлімінің бастығы Асан Мейрамовтың айтуынша, қазір ауданда 8 адам 1974 жылғы үлгідегі төлқұжаттарын Қазақстан Республикасы азаматының құжаттарына ауыстырған немесе алғаш рет жеке куәлік алған.
Көші-қон қызметінің мамандары азаматтықты анықтау және растау үшін көптеген тексеру жүргізілетінін атап өтті. Соған қарамастан, бұл қызмет түрі азаматтарға тегін көрсетіледі.
Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында 6 адам қос азаматтықпен жүргенін жазған едік.