СҚО-да қыс қарсаңында 4 мың шақырым жол тексеріліп, бірқатар кемшілік анықталды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында жолдарды қысқы күтіп-ұстауға арналған автотехниканың қаралымы өтті.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шара барысында ҚазАвтоЖол және «КАЖсервис» ЖШС облыстық филиалдарының автопаркі таныстырылды. Қазіргі таңда өңірдегі автожолдардың жалпы ұзындығы 9 мың км жуық, оның 2 мың шақырымы — облыстық және 5 мың шақырымы — аудандық маңызға ие. Аймақта 6 жол-пайдалану учаскесі жұмыс істейді.
Қыс маусымы қарсаңында полицейлер дәстүрлі түрде өңір жолдарының жағдайын тексерді. Тәртіп сақшыларының айтуынша, бүгінге дейін республикалық және облыстық маңызы бар шамамен 4 мың шақырым жол қаралды. Нәтижесінде анықталған кемшіліктерді жою бойынша 48 ұйғарым енгізілді.

Жалпы жыл басынан бері СҚО-да адамдардың жарақаттануымен байланысты 430 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның 84-і республикалық маңыздағы жолдарда болған. Салдарынан 21 адам көз жұмды, 147 адам түрлі жарақат алды.
— Синоптиктердің болжамы бойынша алдағы күндері күн суытып, қар аралас жаңбыр жаумақ. Осыған орай жүргізушілерді көлік дөңгелектерін уақытылы қысқыға ауыстырып, көктайғаққа дайын болуға шақырамыз. Жол апаттарының алдын алудың ең тиімді тәсілі — сақтық танытып, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау, — дейді полицейлер.
Бұған дейін СҚО жолдарында қанша қауіпті учаске бар екенін жазған едік. Биыл республикалық трассаларға қар бөгейтін қалқандар орнатылып жатыр.