СҚО-да көпқабатты тұрғын үйлердің шамамен тек үштен бірі ғана басқарудың жаңа форматына көшті

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда «TURGYNDAR AMANATY» өңірлік форумы өтіп, көпқабатты үйлерге қатысты ортақ мәселелер талқыға түсті. 

СҚО-да көпқабатты тұрғын үйлердің шамамен тек үштен бірі ғана басқарудың жаңа форматына көшті
Фото: Қорғаныс министрлігі

«AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының мәліметінше, бүгінде өңірде 1 920 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 502 меншік иелері бірлестігі және 198 пәтер иелері кооперативі тіркелген. Күрделі жөндеу және абаттандыру бағдарламалары жүзеге асырылып жатқанына қарамастан, салада жүйелі мәселелер жетерлік. Атап айтқанда, тұрғын үй қорының тозуы, білікті мамандардың жетіспеушілігі және күрделі жөндеуге арналған жинақ көлемінің жеткіліксіздігі өзекті болып отыр.

— Тұрғын үй реформасы — бір реттік науқан емес. Бұл — адамдармен, үйлермен және заңнамамен күнделікті жұмыс. Мемлекет жағдай жасауы керек, бизнес шешім ұсынуы тиіс, ал меншік иелері өз тұрғын үйіне жауапкершілікпен қарауы қажет. Тек осы үштік арқылы нақты нәтижеге қол жеткізуге болады. Көпқабатты тұрғын үйлерді басқару жүйесі ашық, кәсіби әрі әр тұрғынға түсінікті болатын өңірге айналуды мақсат еттік. Бүгінгі форум — осы бағыттағы тағы бір маңызды қадам, — деді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

«AMANAT» партиясы бұл бағытта оқыту курстарын ұйымдастыру, қалалық кеңестер құру және әкімдіктермен өзара іс-қимылды арттыру арқылы күшейтуді жоспарлап отыр.

Форумға қатысушылар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын цифрландыру, «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасын дамыту, «OSI-SKILLS» оқыту семинарларын іске қосу, сондай-ақ заңнаманы жетілдіру мәселелерін талқылады.

Бұған дейін Алматыда МИБ мен ПИК қызметіне бақылау күшейетіндігін жазған едік.