СҚО-да күшті жел ауыл мектебінің шатырын ұшырып әкетті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында болған дауыл мен жаңбыр Тайынша ауданындағы ауыл мектебінің шатырын ұшырып әкетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желіде табиғаттың дүлей мінезі – дауылды жаңбырдың бейнежазбасы тарады. Оқиға 11 шілде күні сағат 15.00 шамасында СҚО Тайынша ауданының Чермошнянка елді мекенінде болған. Қатты дауыл ауыл мектебінің шатырын ұшырып әкеткен.

СҚО білім басқармасының мәліметінше, дауыл салдарынан Чермошнянка орта мектебінің аумағы 924 шаршы метр болатын шатыры зақымданды. Зардап шеккендер жоқ. Өйткені бұл уақытта мектепте ешкім болмаған.

Білім ордасы 2008 жылы күрделі жөнделіп, шатыры, жылыту жүйесі ауыстырылған екен.

«Қазгидромет» РМК СҚО филиалының мәліметінше, 10 шілде күні сағат 21.00-ден 11 шілде күнгі сағат 21.00-ге дейін күн райына байланысты ескерту жарияланған.

«11 шілде күні СҚО-ның басым бөлігінде жаңбыр жауып, батыс, солтүстік және шығысында найзағай ойнап, дауыл тұрады. Түнде және таңертең солтүстік-батыста тұман түседі. Солтүстік-шығыстан екпіні секундына 15-20 және 23 метрге дейін жететін дауыл тұрады», - делінген хабарламада.

Мамандардың айтуынша, 11 шілдеде күндіз Тайынша ауданында төмен қысымды және фронталды ауа райы орнаған. Метеорологиялық жағдайдан найзағай ойнап, дауыл тұрған.

«Дауыл - қысқа уақыт аралығында кенеттен күшейіп, ұзақтығы 2 минуттан аспайды, кейде желдің бағыты өзгереді. Желдің жылдамдығы 10 м/с-тан, көбінесе 25 м/с-тан асады. Дауылдың ұзақтығы әдетте 1 минут болады және найзағай мен нөсер кезінде байқалады.

Тайынша ауданы Чермошнянка ауылының аумағында бақылау пункті жоқ. Ең жақын бақылау пункті Тайынша ауданы Тайынша қаласында орналасқан», - дейді синоптиктер.

Ал «Тайынша» метеорологиялық стансаның деректері бойынша, дауыл 13 сағат 55 минуттан 15 сағат 00 минут аралығында болып, желдің екпіні секундына 14 метрге дейін жеткен.


Соңғы жаңалықтар
telegram