Қырылып қала жаздаған: СҚО-да суы таяз көлдің балықтары Есілге жіберілді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында балық инспекциясы су жәндіктерінің қырылуына жол бермеу мақсатында су қоймаларына мониторинг жүргізіп жатыр.

СҚО-да балық құтқару операциясы өтті
Фото: СҚО балық инспекциясы

Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының СҚО бойынша бөлімінің қызметкерлері балық қырылу қаупі бар Қызылжар ауданындағы Желяково көлінің жағдайын тексерді. Бұл – жалға берілмеген, резервте тұрған су айдындарының бірі. Су тасқыны кезінде Желяково көлі Есіл өзенімен қосылады.

СҚО-да балық құтқару операциясы өтті
Фото: СҚО балық инспекциясы

- Ауа жетіспеушілігінен балықтардың қырылуына аз-ақ қалған. Сол себепті балықты аулап, кейін оны Есіл өзеніне жіберуге шешім қабылданды.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 400-ден астам балық - шортан, сондай-ақ торта мен аққайран шабақтары құтқарылды. Енді олардың оттегі жетіспеушілігінен немесе су айдынының тартылып қалуынан қырылу қаупі жоқ, суы мол өзенде еркін өсіп-өнеді, - дейді балық инспекциясының қызметкерлері.

Балықтарды құтқару жұмысы әлі де жалғасады. Тиісті ақпарат СҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына жіберілді. Мамандар өңірдегі қалған көлдерді де тексеріп жатыр.

Бұған дейін СҚО көлдерінде мұз бен қардың қалыңдауына байланысты су айдындарында аэрация жұмысы басталғанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар