СҚО-да мас күйінде адам қағып өлтірген полиция капитанына қатысты қылмыстық іс қозғалды
Оқиға түнгі сағат үштер шамасында орын алған. Марқұм Руслан Рахметов сол түні көрші ауылдағы туыстарының үйінен жаяу қайтып келе жатыпты. Қатты соққыдан тіпті тәртіп сақшысының ұялы телефоны істен шыққан. Ол көлігінің мемлекеттік нөмірін ағытып, мүрденің жанына тастап кеткен. Өзі аудандық ішкі істер бөліміне барып, адам қағып кеткендігін хабарлапты.
Айта кетейік, 25 жастағы полиция капитаны Айдос Қаңтаев Мамлют аудандық ішкі істер бөлімінде 5 жылдай қызмет етіпті. Төрт ай бұрын лауазымы өсіп, бөлімше бастығына дейін көтерілген. Қазір полиция капитанына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Кінәсі дәлелденсе, ол 7 жылға дейін сотталуы мүмкін. 25 жастағы жігіт әлі отбасын құрып үлгермепті. Ал одан небәрі екі жас қана үлкен марқұм Руслан Рахметовтің артында сүйген жары мен 7 жастағы қызы және сегіз айлық ұлы қалды, хабарлайды КТК телеарнасы.