Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

СҚО-да медицина қызметкеріне қол көтерген ер адам 1,5 жылға сотталды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданының тұрғыны оқиға орнына келіп, алғашқы медициналық көмек көрсетпек болған медбикені ұрып тастаған.

Преступление Қылмыс наручники задержания Кісен ұсталды МВД РК ҚР ІІМ
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Қызметтік міндетін атқарып жүрген медицина қызметкеріне күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық істі Шал ақын ауданаралық соты қарады.

Соттың мәліметінше, оқиға биыл 23 маусым күні сағат 12:00 шамасында Шал ақын ауданының Ұзынжар ауылы маңында болған. Мас күйде болған Н. есімді сотталушы қызметтік міндетін орындап жүрген медицина қызметкері А.-ға қасақана күш көрсеткен. Ол медицина қызметкерінің аяқ-қолына және іш тұсына соққы жасап, тепкен. Осылайша жәбірленушінің кәсіби міндетін орындауына кедергі келтірілген.
Құқық бұзушыны оқиға орнына келген полиция қызметкерлері тоқтатып, айырып алған.

Сот барысында айыпталушының кінәсі қылмыстық іс материалдарымен, жиналған дәлелдемелермен және өзінің кінәсін толық мойындаған жауабымен дәлелденді.

— Сот үкімімен Н. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 380-3-бабының 3-бөлігі «Қызметтік міндеттерін атқару үстіндегі медицина қызметкеріне қатысты зорлық-зомбылық жасау» бойынша кінәлі деп танылды. Сот үкімімен ол енді 1 жыл 6 айын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде өткізеді. Үкім заңды күшіне енген жоқ, — делінген хабарламада.

Естеріңізге салайық, медицина қызметкерлерін соққыға жыққандарға жаза күшейтілді.