СҚО-да мектеп директоры қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін 3 жыл бойы басқарушы қызметтерді атқару құқығынан айырылды

АСТАНА. Сәуірдің 26-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданының Жекекөл орта мектебінің директоры қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін 3 жыл бойы басқарушы қызметтерді атқару құқығынан айырылды.

СҚО-да мектеп директоры қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін 3 жыл бойы басқарушы қызметтерді атқару құқығынан айырылды

ҚР Бас прокуратураның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, прокуратура органдары азаматтардан келіп түскен шағымдарға байланысты Жекекөл орта мектебіне тексеріс жүргізіп, онда заңбұзушылықтарға жол беріліп отырғандығын анықтаған.

Тексеру барысында айқындалғандай, СҚО-дағы қызметкерлердің тізіміне сәйкес, аталған орта мектепте 10 мұғалім мен 12 техникалық қызметкерден құралған 22 азамат жұмыс істесе, олардың 6-уы мектеп директорының туыстары болып шыққан. Атап айтқанда, олар бастауыш сыныптарының мұғалімі, тәрбие жұмысы бойынша орынбасары, шаруашылық басшысы, от жағушы, киім -кешек ілуші және аула тазалаушы.

Сонымен қатар, мектепте жұмыс істемейтін тұлғаның атына жалпы сомасы 352 596 теңге көлемінде жалақы аудару дерегі анықталған.

Тексерудің материалдары аудан прокуратурасының шағымдарды есепке алу кітабында тіркеліп, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне жіберілді. Аталған құқық қорғау органы мектеп директорына қатысты қызметтік жалғандық және қызмет өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін қылмыстық іс қозғады.

Соттың шығарған үкіміне сәйкес, мектеп директоры 3 жылға басқарушы қызметтерді атқару құқығынан айырылды. Сондай-ақ оған 100 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеу міндеттелді. Келтірілген материалдық залал бүгінгі күні толығымен өтелді.