СҚО-да метеорологтер қыс алдында топырақтағы ылғал қорын анықтады

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысының кей аудандарында топырақтағы ылғал қоры нормадан бірнеше есе асқан.

топырақ, жер
Фото: pixabay.com

«Қазгидромет» кәсіпорны облыстық филиалының мамандары топырақтағы ылғал қорын анықтау үшін 18,7 мың гектар алқапта маршруттық зерттеу жүргізді. Оның ішінде дақылы орылған егістіктер, жыртылған алқаптар және тыңайған жерлер тексерілді.

— Өңірдің басым бөлігінде топырақтағы ылғал қоры қанағаттанарлық және оңтайлы деңгейде деп айтуға болады. Ылғал қорының қалыптасуына күзде жауған жауын-шашын және буланудың төмендеуі әсер еткен. Қараша айындағы жылы ауа райы мен жаңбыр және сулы қар түріндегі жауын-шашын топырақты әлі де ылғалмен қанықтырып жатыр. Бұл деректер ауыл шаруашылығында көктемгі егіс науқанына дайындық пен ылғал қорын болжау кезінде, сондай-ақ гидрологиялық болжам жасау барысында негіз ретінде қолданылады, — дейді «Қазгидромет» кәсіпорны облыстық филиалының директоры Қымбат Мерғалимова.

Мамандардың дерегі бойынша, мәселен, М.Жұмабаев ауданында норма 66 мм болса, қазіргі көрсеткіш 172 мм көрсеткен.

Сондай-ақ, Жамбыл, Аққайың және Уәлиханов аудандарында да топырақтың бір метрлік қабатындағы ылғал қоры нормаға қарағанда екі еседен де көп. Ал Тимирязев, Ғ. Мүсірепов, Тайынша және Мамлют аудандарында бұл көрсеткіш нормаға қарағанда 24–74% жоғары. Көктемде су басу қаупі жоғары Қызылжар, Шал ақын аудандарында ылғал қоры нормадан асып кеткен.

Тек Есіл және Айыртау аудандарында ылғал қоры нормадан 13–17% төмен болып отыр.

Бұған дейін СҚО-да көктемгі су тасқынына қарсы дайындық жүріп жатқанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар