СҚО-да өрт азайғанымен, мерт болғандар саны шамамен екі есе өскен
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері өрт салдарынан 24 адам көз жұмды.
Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, облыста жыл басынан бері 271 өрт тіркелді. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 9% аз. Алайда өрттен мерт болғандар саны 41% жоғары. Тағы 15 адам жарақат алған.
Сондай-ақ, былтыр 13 адам, ал биыл алты адам көміртегі тотығынан уланып, жарақат алған, бірақ адам өлімі тіркелген жоқ.
— Жеке тұрғын үй секторында өрттің басым бөлігі жылыту маусымы кезінде шығады. Өткен 2025-2026 жылғы жылыту кезеңінде осындай 214 өрт болып, 31 адам көз жұмды, оның ішінде үш бала бар. Тағы тоғыз адам жарақат алды. Өрт салдарынан келген материалдық шығын 52 млн теңгеден асты.
Жылыту маусымындағы өрттердің негізгі себептерінің бірі — пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу. Бұған қоса электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану ережелерін сақтамау, — дейді СҚО ТЖД басқармасы бастығының орынбасары Аян Құсайынов.
СҚО-да қазір өрт қауіпсіздігі айлығының бірінші кезеңі өтіп жатыр, ол 15 қыркүйекке дейін созылады. Негізгі мақсаты — әсіресе әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтардың үйлеріндегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындармен қажетті түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Қазір департамент есебінде 5 357 үй бар. Онда жалпы 19,5 мың адам, оның ішінде 11 мыңға жуық бала тұрады.
— Айлық басталғалы жергілікті атқарушы органдар және полиция өкілдерімен бірге 1 250-ге жуық үйді араладық. Оның 519-ында өрт қауіпсіздігі талаптары бұзылмаған. Ал қалғанынан 710 заңбұзушылық анықталды. Оның ішінде 356-сы жылыту жүйесіне, 299-ы электр жабдықтарына, тағы 55-і басқа талаптарға қатысты, — дейді Аян Құсайынов.
Сонымен қатар 1 маусымнан бері облыста 141 автономды өрт хабарлағышы орнатылған. Оның 137-сі көміртегі тотығын, төртеуі түтінді анықтайды. Өткен жылыту кезеңінде өрт хабарлағыштары екі рет іске қосылып, соның арқасында тоғыз адамның, оның ішінде бес баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болды.
Мамандар тұрғындарға жылыту маусымы басталмай тұрып пештерді дайындап, оларды өрт қауіпсіздігі талаптарына сай күйге келтіруді ескертеді. Пештегі жарықтарды бітеп, әктеу, оның алдына арнайы металл қаңылтыр орнату және түтін мұржаларын тазалау қажет.
Бұған дейін Ұлттық ұлан әскери қызметшісі өртеніп жатқан үйге кіріп, екі баланы құтқарып қалғанын жазған едік.