СҚО-да өртенген үйден тағы бір адамның денесі табылды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Ступинка ауылында болған өрттен тағы бір адамның денесі табылды. Бұл туралы СҚО төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

Өрт болған үйде ер адам төрт баласымен тұрған. Әйелі бірнеше жыл бұрын көз жұмған.
Шал ақын ауданы әкімдігінің мәліметінше, үй иесі 1984 жылы туған ер адам, жергілікті шаруашылықтардың бірінде жұмыс істеген. Тұңғышы 18 жастағы қыз бала, мектепте вахтер болған. Одан бөлек үйде 6, 5 және 2 сыныптарда оқитын ұл-қыздары тұрған.
Ал 16 жастағы ұлы Петропавлда оқып жатыр. Оқиға кезінде ол үйде болмады.
Отбасы тұрмысы нашар ретінде де, басқа да ешқандай тіркеуге алынбаған екен.
Естеріңізге салайық, бүгін түнде СҚО Шал ақын ауданы Ступинка елді мекенінде жеке тұрғын үй өртенді. Мамандар оқиға орнында жұмыс істеп жатыр.