СҚО-да полицейлер қатты боранға байланысты жолға шықпауды ескертіп жатыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында қолайсыз ауа райына байланысты бірнеше бағыт бойынша жолдар жабылды. 

көлік
Фото: СҚО ПД

Өңірде қатты жел тұрып, арты боранға ұласты. Салдарынан жолдарды қар алып, автокөліктердің қозғалысын қиындатты.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қолайсыз ауа райына байланысты 6 қаңтар күні сағат 07:30-дан бастап облыстың оңтүстігінде, Тайынша ауданында, жауапты органдармен келісім бойынша жағдай жақсарғанға дейін аудандық маңызы бар барлық автожолда қозғалыс уақытша тоқтатылды.

көлік
Фото: СҚО ПД

Қазір бұл бағытта патрульдік полиция батальонының жұмысын полиция департаментінің басшылығы тікелей үйлестіріп отыр.  Ал сағат 11:00-дегі жағдай бойынша СҚО аумағында «Астана – Петропавл» (Петропавл қаласынан Ақмола облысының шекарасына дейін), «Екатеринбург – Алматы» (Ғабит Мүсірепов атындағы аудан), «Көкшетау – Рузаевка» (Айыртау ауданы), «Жезқазған – Петропавл» (Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Тоқсан би ауылынан Ақмола облысының шекарасына дейін) автожолдары жабылған.

Полиция департаменті мен төтенше жағдайлар қызметі өңір тұрғындары мен қонақтарын ауа райына қатысты SMS-хабарламаларды қадағалап отыруға, сондай-ақ боран мен аяз кезінде жолға шықпауға шақырады. 

Бұған дейін 16 облыста ауа райына байланысты ескерту жарияланғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар