СҚО-да полиция қылмыстың себептерін жоюға бағытталған 1446 ұсыныс жолдады
АСТАНА. KAZINFORM — СҚО-да полицияның ұсынысынан кейін бейнекамералар орнатылып, қауіпсіздік күшейтілді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Қылмыстың алдын алу оған ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюдан басталады. Осы мақсатта полицияның тергеушілері мен анықтаушылары қылмыстық істерді тергеу барысында құқық бұзушылықтың жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтап, оларды жою жөнінде шаралар қабылдау туралы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың атына жүйелі түрде ұсыныстар енгізеді. Бұл рәсім Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 200-бабында көзделген.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті 1446 ұсыныс енгізді. Оның 1368-і бойынша тиісті шаралар қабылданды. Ұсыныстарды қарау нәтижелері туралы хабарламағаны үшін 16 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, тағы 155 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
— Ұсыныстарды қарау нәтижесінде өңірде 26 бейнебақылау камерасы орнатылды, тоғыз нысанда қауіпсіздік шаралары күшейтілді, үш жол белгісі қойылды, жол таңбалары жаңартылды және қосымша көшелік жарықтандыру ұйымдастырылды. Сонымен қатар екі қызметкермен еңбек шарттары бұзылып, білім беру ұйымдарында бес профилактикалық іс-шара өткізілді, ал жеті адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — делінген хабарламада.
Полиция департаментінде атап өткендей, тергеушілер мен анықтаушылардың қылмыстың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және оларды дер кезінде жою бағытындағы жұмысы жаңа құқық бұзушылықтардың алдын алуға және Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Ақмола мен СҚО-да жол құрылысы мамандары парамен ұсталғанын жазғанбыз.