СҚО-да прокуратура 6,5 мыңнан астам қызметкердің мемлекеттік базада тіркелмегенін анықтады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысындағы 1 837 кәсіпорын еңбек заңнамасының талаптарын орындамаған.
Бұл облыс прокуратурасы жүргізген талдау нәтижесінде анықталды. Мекемелер өз қызметкерлері туралы мәліметтерді Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізбеген.
Тексеру барысында бұл кәсіпорындардың 6 517 қызметкерінің еңбек шарттары цифрлық жүйеде тіркелмегені белгілі болды. Алайда олар іс жүзінде жұмыс істеп, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар тұрақты түрде төленіп отырған. Соған қарамастан, мемлекеттік еңбек базасында олардың еңбек мәртебесі ресми түрде көрсетілмеген.
Прокуратураның мәліметінше, еңбек қатынастарын есепке алу тәртібінің орындалмауы, қызметкерлердің еңбек құқықтарының бұзылуына да әкелуі мүмкін.
Еске салсақ, құжаттарды электрондық форматқа көшіру мерзімі 2020 жылы бекітіліп, ол әлдеқашан аяқталған. Ал биыл 12 наурыздан бастап Қазақстанда осы бірыңғай жүйеде еңбек шарттары туралы мәліметтердің болмауы үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді.
Заң талаптарын орындамаған жұмыс берушілерге айыппұл қарастырылған. Шағын бизнес субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға 60 АЕК - 259 500 теңге, орта бизнеске 80 АЕК - 346 000 теңге, ал ірі кәсіпорындарға 150 АЕК - 648 750 теңге мөлшерінде айыппұл салынады. Қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері 80-нен 200 АЕК-ке дейін ұлғаяды.
Анықталған заң бұзушылықтарға байланысты облыстық прокуратура Мемлекеттік еңбек инспекциясына ресми нұсқама жолдап, барлық 1 837 кәсіпорынды хабардар етуді және кемшіліктерді шұғыл түрде жою шараларын қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ еңбек заңнамасын түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігі айтылды.
Бұған дейін Қазақстанның жеңіл өнеркәсібінде 18 мыңнан астам адам еңбек ететінін жазған едік.