СҚО-да Ішкі істер органының бұрынғы қызметкерлері жұртты пирамидаға тартып келген
Солтүстік Қазақстан облысында «Qnet» қаржы пирамидасының филиалын ашып, 73 адамның ақшасын жымқырған Ішкі істер органдарының бұрынғы қызметкерлері ұсталды, деп хабарлайды Kazinform.

СҚО экономикалық тергеу департаментінің мәліметінше, өңірде «Qnet» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін құру және басшылық ету фактісі бойынша үш күдікті ұсталды. Ұйымдастырушылар – ішкі істер органдарының бұрынғы қызметкерлері. «Тәртіп сақшылары» болғандықтан халық сенім білдірген. Қазіргі таңда бұл пирамидадан зардап шеккен 73 адам анықталды. Жалпы сомасы – 82 млн теңге.
«Qnet» қаржы пирамидасы СҚО аумағында 2018 жылдан 2021 жыл аралығында жұмыс істеген. Ұйымдастырушылардың бірі халықаралық ұйымның сайтына тіркеліп, тәуелсіз өкіл ретінде сертификат алған. «Qnet»-ке кіру үшін тұрғындар 600ден 800 мың теңгеге дейін төлем жасаулары керек болған және 40 мың теңгені кеңсені жалдауға аударған. Сол үшін оларға саяхатшы картасы берілген. Азаматтарды тарту мақсатында ұйымдастырушылар кеңсе бөлмелерін жалға алды, онда кездесулер, оқыту семинарлары, дәрістер, үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді», - делінген баспасөз хабарламасында.
Істің барлық үш қатысушысы ұсталды және қамауға алынды. Оларға қатысты тергеу соты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шараларын қолданды.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.
Сондай-ақ «Qnet» құрылымдық бөлімшесінен зардап шеккен тұрғындар СҚО бойынша Экономикалық тергеу департаментіне жеке өтініш немесе сенім телефоны арқылы хабарласа алады.