СҚО-да су тасқыны басталғалы 148 адам, соның ішінде 24 бала эвакуацияланды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында бесінші күн қатарынан тасқын сумен күрес жүріп жатыр.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қызылжар ауданының Тепличное, Прибрежное, Ольшанка, Вагулино, Соколовка, Большая Малышка елді мекендері және Петропавлдағы Заречный кенті су басу қаупі жоғары аумақта тұр. Үйлерге су кіргізбеу мақсатында құтқарушылар, полицейлер, жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері, әскери қызметшілер - 1500-ден астам адам және 160 техника, 22 жүзу құралы жұмылдырылды. Сондай-ақ Астана қаласынан, Ақмола, Қостанай облыстарынан, ҚР ТЖМ 52859 әскери бөлімінен, Азаматтық қорғау академиясынан қосымша көмек келді. Олар тәулік бойы қорғаныс құрылыстарын салу және нығайту үшін қапшықтарды дайындап, төсеп жатыр.
Прибрежное ауылы мен Петропавлдағы Заречный кентінің тұрғындары қазір тек қайықтардың көмегімен ғана тасымалданып жатыр.
Большая Малышка ауылында Есіл өзені су деңгейінің көтерілуіне байланысты бөгет жарылып кетті. Елді мекенде 666 адам тұратын 254 үй бар, су үйлерге кірген жоқ. Қазір су шайған жер қайта жабылып жатыр.
Жалпы су тасқыны басталғалы 148 адам, оның ішінде 24 бала эвакуацияланды, олар эвакопункттерге және туыстарына орналасты. Сондай-ақ 81 бас ірі қара мал қауіпсіз жерге шығарылды.
Бұған дейін Большая Малышка ауылының тұрғындары қауіпсіз жерге шығарыла бастағанын жазған едік.