СҚО-да тәулік ішінде қар құрсауынан 100-ден астам көлік эвакуацияланды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Бір күнде СҚО жолдарында қар құрсауынан 107 бірлік техника және 383 адам құтқарылды, деп хабарлады СҚО ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап «ҚазАқпарат» агенттігі.
Жексенбіде күшті жел, төменнен соққан боран республикалық, облыстық, жергілікті маңызы бар Айыртау, Ғ. Мүсірепов, Мамлют, Шал ақын аудандары жолдарында көлік қозғалысына кедергі келтірді. Ол жерде 9 жағдай тіркелді.
Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, адамдар мен көлік таза жолға шығарылды. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Апатты-құтқару жұмыстарын жүргізуге барлығы 11 бірлік инженерлік техника және жеке құрамнан 24 адам жұмылдырылды.
Кешке ауа райы нашарлап, облыс шегінде көліктің барлық түріне жолды жабу туралы шешім қабылданды. Жол бүгін сағат 11.00-де ашылды.
Құтқарушылар боран жайлы тұрғындар БАҚ және СМС хабарлама арқылы хабардар етілгенін атап өтеді. Хабарламаны 417 мың абонент алды. Ескертуге қарамастан солтүстікқазақстандықтар жолға шыққан.