СҚО-да түрмеге есірткіні дәретхана қағазы арқылы кіргізбек болған
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысындағы №51 түзеу мекемесіне психотропты затты кіргізбек болған адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, мекеме қызметкерлері сотталғандардың біріне келген сәлемдемеден күдіктенген. Ішінде қарапайым заттар - әдеттегі дәретхана қағазы да болған. Қызметкерлердің қырағылығының арқасында бұл қағаздың белгісіз затқа шыланғаны анықталды.
- Қағаз сараптамаға жіберілді. Нәтижесінде оның құрамында PVP психотропты заты бар екені анықталды. Бұл – қарапайым тілмен айтқанда, синтетикалық психостимулятор. Тәркіленген заттың салмағы – 0,04 грамм, - дейді СҚО бойынша ҚАЖД бастығының орынбасары Арман Касимов.
Маманның айтуынша, қазір сәлемдемені жіберген адамға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы - «Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бойынша қылмыстық іс қозғалды.
- Былтыр түзеу мекемелеріне тыйым салынған заттарды кіргізуге оқталудың 19 дерегі тіркелді. Оның ішінде бір рет ақша, бір рет есірткі, сонша рет алкогольді ішімдік кіргізбек болды. Көбіне ұялы телефон өткізбек болады, мұндай 16 дерек анықталып, 47 телефон тәркіленді. Өткізбек болған 10 адамға ескерту берілді, 2 адамға айыппұл салынды, - дейді Арман Касимов.
Биыл да сәлемдеме арқылы түрмелерге тыйым салынған заттарды 11 рет кіргізбек болған. Департаменттің мәліметінше, 4 жағдайда ақша, екі рет есірткі және 5 рет телефон, роутерлерді өткізуге жол берілмеді. Өткізбек болған 4 адам ескерту алды.
Бұған дейін түрмеден шыққандарға қандай көмек көрсетілетіндігін жазған едік.