СҚО-да учаскелік инспектор ер адамды өлімнен құтқарды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында полицияның учаскелік инспекторы өртенген үйден есінен танған ер адамды шығарып, құтқарып қалды.

инспектор
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға Мамлют ауданындағы ауылдардың бірінде болған. Ерлі-зайыпты үйде арақ ішіп, арты жанжалға ұласқан. Әйелі көрші үйге кетіп қалып, біраздан кейін қайтып келгенде үйінің түтіндеп жатқанын байқайды. Ол бірден учаскелік полиция инспекторы Қадырбек Исинге қоңырау шалып, мас күйдегі күйеуінің жанып жатқан үйде қалғанын айтқан. 

өрт
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

Бұл уақытта полиция майоры 7 шақырым жердегі учаскелік пунктте болған. Ол әйелге өрт сөндірушілер мен «жедел жәрдем» шақыруды тапсырып, өзі дереу көліктің жарқылдауық маяктарын қосып, оқиға орнына аттанды. Бірінші болып келген полиция қызметкері жанып жатқан үйге кіріп, есінен танған 42 жастағы ер адамды сыртқа алып шықты.

Өрт сөндірушілер жалынды ауыздықтады. Өрттің шығуына төсекте мас күйде темекі шегу себеп болған. «Жедел жәрдем» көлігі құтқарылған ер адамды медициналық мекемеге жеткізді, алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін ол үйіне жіберілді.

Ол отбасының шырқын алғаны үшін бір тәулікке қамауға алынды. Сондай-ақ оған қатысты қорғау нұсқамасы шығарылды. Бұл отбасымен полицейлер профилактикалық жұмыс жүргізбек.

Бұған дейін Петропавлдағы Ұлттық ұлан академиясындағы төбелестен бірнеше адам жарақат алғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар