Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

СҚО-да үлкендігі тауықтың жұмыртқасындай бұршақ жауды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында бірнеше ауданда бұршақ жауып, жұрттың бау-бақшасына зиян келтірді.

СҚО-да үлкендігі тауықтың жұмыртқасындай бұршақ жауды
Фото: СҚО тұрғындарынан

Әлеуметтік желіде тұрғындар Есіл, Шал ақын және Мамлют аудандарында бұршақ жауғанын айтты. Әсіресе Есіл ауданындағы Ясновка ауылында оның үлкендігі тауық жұмыртқасындай болған. 

СҚО-да үлкендігі тауықтың жұмыртқасындай бұршақ жауды
Фото: СҚО тұрғындарынан

Ал осы аудандағы Явленка ауылында бұршақ кішіректеу болғанымен, тұрғындарға біраз зиянын тигізген.

— Жауын-шашын шамамен жарты сағатқа созылды. Алдымен 15 минут қатты жаңбыр жауды, арты бұршаққа ұласты. Дауыл тұрып, біреуіміздің гараж-қорамыздың шатырын зақымдады, көршілердің қоршауын жұлып кетті, — дейді ауылдықтар.

Бұршақ бақшада өсіп тұрған қияр-қызанақты ұрып, сау-тамтығын қалдырмаған. 

«Қазгидромет» кәсіпорны облыстық филиалы бір күн бұрын қолайсыз ауа райы туралы ескертті. Синоптиктер өңірдің солтүстігі мен батысында найзағай ойнап, жаңбыр жауып, екпіні 25 м/с жететін қатты жел тұратынын хабарлады. 

жауын
Фото: СҚО тұрғындарынан

Мамандардың болжамынша, ертең 16 тамызда да облыстың солтүстік, шығыс, оңтүстігінде қатты жаңбыр, бұршақ, дауыл болмақ. Желдің екпіні кей жерлерде 28 м/с дейін жетпек.

Бұған дейін Өскеменде дауылдан кейін ондаған көлік бүлінгенін жазған едік