СҚО-да вакцина алуға ынталандыру үшін түрлі ұтыс ойыны өткізіліп жатыр
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында енді вакцина салдыру арқылы шипажайға немесе тегін тіс емдетуге сертификат ұтып алуға болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Айманов облыстық әкімдіктің отырысында вакцинация қарқынын арттыру үшін бірқатар шаралардың қолға алынғанын айтты.
Соның бірі – вакцина алушылар арасында ұтыс ойынын өткізу.
Жолы болғандар санаторлық-курорттық жолдамалар, стоматологиялық кабинеттерге тісті емдеуге, протездеуге жолдама алады.
«18 қаңтар мен 7 ақпан аралығында тұрғындар арасында вакцина салдырушылар қатарының 3 % артқанын көріп отырмыз. Шамамен 6,5 мың адам екпе алған. Апта сайын облыс әкімі орынбасарының қатысуымен ведомствоаралық комиссияның отырысы ұйымдастырылып келеді. Әкімдікте бір ай бұрын үйлестіру кеңесі құрылды. Ол жерде жергілікті атқарушы органдар беріп отырған вакцинация, ревакцинация бойынша мәліметтердің дұрыстығы тексеріледі», - дейді Нұрлан Айманов.
Жалпы СҚО-да вакцинаның бірінші компонентін 293,5 мың адам алса, толық курстан 275,5 мың адам өтті.
Бұл барлық вакцинациядан өтуі тиіс халықтың 74,29 %-ы.
Ал ревакцинациядан 75 мыңға жуық адам өтті. Көрсеткіш – 45 %.
«Pfizer вакцинасын облыста 42 705 адам алуы тиіс. Оның 32 мыңы – жасөспірім, 4,5 мыңы – жүкті әйел және 6 105-і – емізулі баласы бар келіншек. Бүгінгі күні вакцинаның бірінші компонентін 11 169 адам алды, 7 010 адам толық курстан өтті. Бұл көрсеткіш республика бойынша төмен», - дейді басқарма басшысы.