СҚО-да жаңа жылдан бастап мектеп күзетіне жасы елуге жетпеген адамдар ғана алынады

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысы білім беру мекемелеріндегі күзет қызметкерлерінің 76% — жасы елуден асқан. 

күзет
Фото: Kazinform

Өңірдегі мектептер мен балабақшаларды негізінен физикалық дайындығы төмен жасы үлкен ерлер мен әйелдер күзетеді.

Бұл мәселені СҚО Полиция департаменті бастығы Айдын Қабдұлдинов көтерді.

— Білім беру нысандарын қорғаумен «жасы келген» кадрлар, бұрынғы вахтер әйелдер мен ер адамдар айналысады. Олар еңбек шарттарын қайта жасасу арқылы күзет құрылымдарының құрамына кірген. Алайда нақты қауіп төнген жағдайда, өздерінің физикалық мүмкіндіктері мен даярлығының жоқтығына байланысты шабуылды немесе террористік актіні болдырмау үшін тиісті шараларды қабылдай алмайды. Бұл мәселе бұған дейін де қаралды, оған қатысты нақты шешім қабылдау қажет, — дейді Айдын Қабдұлдинов.

СҚО Білім басқармасының мәліметінше, Күзет қызметі туралы заңда күзетшілердің жасына қатысты шектеу жоқ. Жеке күзет ұйымының күзетшісі лауазымына 19 жастан кем емес және күзетшінің арнайы даярлығынан өткен Қазақстан Республикасының азаматтары қабылдануы мүмкін.

Десек те, биыл 15 мамырда Оқу-ағарту министрінің «Білім беру ұйымдарында күзет қызметтерін сатып алу жөніндегі үлгілік конкурстық құжаттаманы бекіту туралы» бұйрыққа қол қойды. Енді күзетші лауазымына 25-тен 50 жасқа дейінгі адамдар ғана қабылданады.

— Шарт бір жылға жасалатындықтан, желтоқсан айына дейін шарттық міндеттемелер аяқталғанын күтеміз. Кейін жаңа бұйрыққа сәйкес жүзеге асырылатын болады, — делінген басқарманың ресми жауабында.

Басқарманың мәліметінше, облыста 437 мектеп бар, оның террористік тұрғыда осал 200-і 1-топқа, қалған 86-сы 2-ші топқа жатады. 2-ші топтың объектілері міндетті түрде мамандандырылған күзетпен қамтамасыз етіледі. Бүгінгі таңда мамандандырылған күзет талаптарға сәйкес 2-ші топтағы нысандардың барлығында бар. Оларда 431 адам еңбек етеді, осы күзет қызметкерлерінің 76%, яғни 328-інің жасы 50-ден асқан.

Мамандардың айтуынша, бұл жұмысқа жастар келе бермейді, өйткені күзетшілердің жалақысы төмен, шамамен 100-120 мың теңге алады.

Бұған дейін 2028 жылға дейін мектептерде 1000 стоматологиялық кабинет ашылатындығын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар