СҚО-да жарты жылда жол қозғалысы қағидаларын бұзудың 120 мыңнан астам дерегі анықталды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Соның 70 мыңға жуығы аппараттық-бағдарламалық кешендердің көмегімен анықталған.
Петропавлда жолдың қақ ортасында қауіпті «дрифт» жасаған көлік жүргізушісі осындай бейнекамералардың біріне түсіп қалған.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға сағат 15:30 шамасында Интернационал және Жамбыл көшелерінің қиылысында болған. BMW автокөлігінің жүргізушісі оңға бұрылу кезінде «дрифт» жасаған. Салдарынан көлігі қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, қауіп тудырған. Өз жолағына қайта оралуға әрекеттенген жүргізуші басқа көліктер мен жаяу жүргіншілердің қозғалысына да кедергі келтірген.
Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері бейнебақылау инспекторларымен бірлесіп, құқық бұзушыны тоқтатты. Рульде 22 жастағы Петропавл тұрғыны болған. Оған қарсы қозғалыс жолағына шығу фактісі бойынша әкімшілік материал жиналды. Әкімшілік сот жүргізушіні 6 ай мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырды. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды.
Сонымен қатар тексеру барысында жүргізушінің мамыр айында көліктің пайдаланылған газ шығару жүйесін заңсыз қайта жабдықтағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Алайда ол заң бұзушылықты жоймаған. Бір жыл ішінде қайталанған құқық бұзушылық үшін заңнамада 20 АЕК мөлшерінде айыппұл көзделген.
Жыл басынан бері СҚО полицейлер 120 мыңнан астам жол қозғалысы қағидаларын бұзу фактісін анықтады. Оның ішінде қарсы қозғалыс жолағына шығудың 90 дерегі, жаяу жүргіншілерге жол бермеудің 1 мыңнан астам фактісі тіркелді. Бұдан бөлек, 600-ге жуық мас жүргізуші ұсталды.
Бұған дейін СҚО полициясы «ҚыздарНет» сайтына қатысты жедел-іздестіру шараларын аяқтамағанын жазған едік.