СҚО-да жасөспірімдер арасындағы қылмыс 41 пайызға өскен

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері жасөспірімдер арасында 26 қылмыс тіркелді.

жасөспірімдер қылмыс
Фото: pexels

СҚО полиция департаментінің бастығы Руслан Назаровтың айтуынша, бұдан бөлек жасөспірімдерге қатысты қылмыстың 48 фактісі тіркеліп, оның саны 2% артып отыр. 

— Мектеп аумағында биыл қылмыс жасалған жоқ, бірақ рұқсат етілмеген заттарды өткізу деректері тіркелді. Мәселен, жылдың басында Петропавлдағы № 1 орта мектеп оқушысы сыныпқа пневматикалық пистолет әкеліп, еденге атқан. Сергеевка қаласында Е.Шайкин атындағы мектеп-лицейдің бұрынғы оқушысы білім ордасына пышақ алып өтті, — дейді Руслан Назаров.

Осыған орай полиция бастығы өңірде Жетісу облысының тәжірибесіне сүйеніп, ментор-тәлімгерлер институтын енгізуді ұсынып отыр. 

— Құқықтық менторлар балаларға құқықтық кеңес береді, оқушыларға дұрыс жол көрсетіп, заңды құрметтеуге, өз ісіне жауапкершілікпен қарауға үйретеді, — дейді Руслан Назаров.

Биыл СҚО-да жаңа оқу жылында 439 мектеп жұмысқа кіріседі. Оның 285-і — террористік тұрғыдан осал нысандар тізіміне енген. Бұл білім ордаларындағы барлық бейнекамералар Жедел басқару орталығына қосылған. Жалпы мектептер тиісті дабыл түймелерімен де, күзетшілермен де толық қамтылған.

Бұған дейін Таразда жасөспірімдер қауіпсіздігіне арналған Aimap Kids жобасы іске қосылғанын жазған едік.