СҚО-да жазасын өтеп жатқан әйелдің өлеңдер жинағы жарыққа шықты
СҚО Қылмыстық атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Татьяна Магомбьенова 10 жылға бас бостандығынан айырылған, оның төрт жылын өтеді.
«Әке-шешем парасатты адамдар. Мен оларды үлгі тұтамын. Шалыс басқаным үшін, олардың үміттерін ақтамағаным үшін ұяламын. Бостандықта мені анам және 21 жастағы ұлым асыға күтуде», - дейді ағынан жарылған Татьяна.
Татьянаның негізгі мамандығы – фотокорреспондент. Алайда ол алған білімімен жұмыс істемей, кәсіпкерлікке бет бұрады. Шағын шаштараз ашады.
2014 жылы өміріне әсер еткен ер адамды кездестіреді. Көп уақыт өтпей тәртіп сақшылары оның үйінен есірткі тауып, бұған есірткі заттарын сатумен айналысты деген айып тағылған. Соттың үкімімен 10 жылға бас бостандығынан айырылады.
2016 жылдан бері ЕС- 164/6 мекемесінде жазасын өтеп жатқан әйел барлық іс-шараларға белсенді қатысады.
«Татьяна әнді де жақсы айтады, билейді де. Бізге келгеннен кейін өлең жаза бастады. Осылайша ол өзінің күйініші мен уайымын, жан толғанысын қағазға түсірді. Облыстағы ақындарға көрсетіп, олардың мақұлдауынан кейін Татьянаның өлеңдерінің бір парасы «Өмірді бағала» атты өлеңдер жинағына басылды», - дейді СҚО ҚАЖД «ЕС-164/6 мекемесі» РММ жазасын өтеушілер арасында тәрбие және әлеуметтік-психологиялық қызмет бөлімінің бастығы Оксана Вышар.
Татьянаның шығармалары анаға деген махаббатқа арналған. Жасаған қылмысқа өкіну және шалыс басқанын түсіну де оның өлеңдеріне арқау болған.
«М.Аверин атындағы әдеби бірлестіктің өкілі Оксана Ефремованың ұсынысымен жарты жылға жуық Татьяна өлең құрылысының теориясы жайында курстан өтті. Бізде жазасын өтеп жатқандардың ішінде түрлі адамдар бар. Олардың әрқайсысымен жұмыс істеп, тура жолға түсулеріне көмектесу – міндетіміз. Бұл жолы да Татьянаның дарынын байқағаннан кейін мекеме әкімшілігі оның жеке өлеңдер жинағын шығаруға көмектесуді шешті.
Оның 40 өлеңі таңдалып алынып, сыншылардың назарына ұсынылды.
Кейін меценат тауып, жинақ жарыққа шықты. Айтайын дегенім, қандай қиын жағдай болмасын өмірден түңілмеу қажет», - дейді Оксана Вышар.