СҚО-да жазда 10 лагерь жұмыс істейді: демалыс бағасы қанша
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысында балалардың жазғы демалысында 10 сауықтыру лагері жұмыс істейді деп жоспарланған.
Қазіргі уақытта демалыс орындары маусымға дайындықты бастап кеткен. Биыл да лагерь инфрақұрылымын жаңарту және балалардың демалысын заманауи талаптарға сай ұйымдастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.
СҚО білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, лагерьлердің үшеуі сенімгерлік басқаруға берілген. Олар - Тайынша ауданындағы «Эдельвейс Бурабай» лагері мен Қызылжар ауданындағы «Достық» және «Аққайың» лагерлері. Қалған сауықтыру орындарының жұмысына жергілікті атқарушы органдар жауапты.
- Биыл мемлекеттік лагерьлерге жолдаманың құны 35 мыңнан 55 мың теңгеге дейін болады. Жалпы алғанда, жаз мезгілінде 6 330 баланы қала сыртындағы демалыспен қамту жоспарланған.
Бірінші кезекте балалардың қауіпсіздігіне басымдық беріледі, - дейді басқарманың баспасөз хатшысы Әсел Оразбаева.
Маманның айтуынша, дәстүрлі сауықтыру лагерьлерімен қатар, өңірде жазғы демалыстың баламалы түрлері де дамып келеді. Мектептер жанынан биыл 202 жазғы алаң, 225 бейіндік алаң және 97 киіз үй мен шатырлы лагерь ұйымдастырылады. Сонымен бірге, оқушылардың туған өлкені танып-білуіне бағытталған «Елді зерттеу» жобасы жалғасады.
Ал ішкі туризмді дамыту мақсатында оқушылар үшін Астана мен Петропавл қалаларына экскурсиялық сапарлар, сондай-ақ еліміздің киелі жерлеріне танымдық саяхаттар ұйымдастырылады. Оқушылар сарайы жанынан «Жазғы Академия» жұмысын жалғастырады.
Ал «Бір күн қалада» жобасы аясында ауыл оқушылары облыс орталығының көрікті жерлерімен танысуға мүмкіндік алмақшы.
Бүған дейін демалыс іс-шараларымен биыл 3,2 млн баланы қамту жоспарланғанын жазған едік.