СҚО-да жыл басынан бері 100 бала энтеробиозбен ауырды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында энтеробиозбен ауырғандар саны артты. Бұл дертті «лас қолдың ауруы» деп те атайды.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасовтың айтуынша, гельминтоздар ішінде энтеробиоз ауруы облыс аумағында ең кең таралған. Биылғы жылдың 5 айында 102 адамға осы диагноз қойылған, 99 жағдайда бала ауырған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24% артық.
– Энтеробиоз – баланың ішек жолында жыланқұрттар (нематодтар), атап айтқанда острицалардың паразиттік тіршілігіне байланысты пайда болатын кең таралған құрт ауруы. Бұл инфекция көбінесе мектепке дейінгі және бастауыш мектеп жасындағы балаларда кездеседі және қазіргі таңда балалардағы соматикалық аурулардың туындауына, сондай-ақ созылмалы аурулардың өршуіне себеп болатын факторлардың бірі ретінде қарастырылады.
Энтеробиозбен ауыратын балалар мен ересектер – инфекцияның негізгі көзі әрі резервуары. Ауру нәжіс және ауыз арқылы, яғни тұрмыстық жағдайда және тағам арқылы беріледі. Жұқтырған сәттен бастап алғашқы белгілердің пайда болуына дейін шамамен 12–14 күн өтеді, - дейді Арман Күшбасов.
Маманның айтуынша, бұл – көбіне балалар ауруы. Бұған олардың жеке бас гигиенасын сақтамауы, саусақ сору, тырнақ тістеу, ойыншықтарды ауызға салу сияқты әдеттері себеп болады. Сондай-ақ санитариялық-гигиеналық талаптардың орындалмауы да маңызды рөл атқарады.
– Энтеробиоздың ең жиі кездесетін белгілерінің бірі –түнгі уақытта анальды аймақтағы қышу. Бұл ұйықтар алдында баланың мазасыздануына әкеледі. Қарау кезінде перианальды аймақтың қызаруын, тітіркенуін, қасылған жерлер байқалады. Кей жағдайда экзема немесе суланғыш дерматит те дамуы мүмкін.
Асқорыту жүйесінде де өзгерістер байқалады: тәбеттің төмендеуі, жиі іші қатып немесе іші өту, іштің кебуі, жүрек айну, құсу, кейде – салмақ жоғалту және баланың өсіп-жетілуі баяулауы мүмкін, - дейді Арман Күшбасов.
Дәрігердің айтуынша, энтеробиозды диагностикалау клиникалық белгілерге, эпидемиологиялық жағдайларға және зертханалық зерттеулерге сүйене отырып жүргізіледі. Қан талдауында жиі эозинофилдердің жоғарылауы байқалады.
– Негізгі диагностикалық әдіс – перианальды аймақтан таңертең, бала жуынар алдында алынатын қырынды. Бұл үшін жабысқақ лента немесе мақта таяқша қолданылады. Нақты нәтиже алу үшін сынама 2–3 күн аралығында үш рет қайталанады, бұл диагностиканың дәлдігін 90%-ға дейін арттырады. Кәдімгі нәжіс талдауында – копрограммада құрт жұмыртқалары сирек кездеседі, - дейді маман.
Аурудың алдын алуда ең тиімді шара – балаларға ерте жастан бастап гигиеналық дағдыларды үйрету.
– Энтеробиоздан дәрі-дәрмектер және міндетті түрде гигиеналық шараларды сақтау арқылы емделуге болады. Бірақ бала қайтадан инфекция көзімен байланысқа түскен жағдайда ауру жұқтыруы мүмкін.
Энтеробиоз лас қол ауруы саналатындықтан, баланың тырнақтарын қысқа кесіп, дәретханадан кейін, тамақтанар алдында, серуендеуден кейін, таңертең және кешке баланы жуып, іш киімдерін күнделікті ауыстырып, саусақтарын соруға және тырнақтарын тістеуге тыйым салу керек, төсек-орындарды жиі ауыстырып, көкөністер мен жемістерді қолданар алдында мұқият жуу қажет, - дейді Арман Күшбасов.
Маманның айтуынша, энтеробиоз профилактикасы ретінде адамдардың белгілі бір санаты міндетті тексеруден өтеді. Олар: балабақшаға баратын балалар, медицина, тамақ өнеркәсібі қызметкерлері және т.б., медициналық ұйымдарға жүгінгендер, аурумен байланыста болған адамдар және су спорт түрлерімен айналысатындар.
Бұған дейін СҚО-да ауыл әкімі қоғамдық орында мас жүргені үшін жазаланғанын жазған едік.