Қалқанша безінің қатерлі ісігі диагнозы әйелдерге жиі қойылады — онколог

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Ұйқышылдық, шамадан тыс тершеңдік, ашуланшақтық, ентігу, тамақтың жыбырлауы. Өзіңізде немесе жақындарыңызда осындай өзгерістер пайда болса не істеу керек? Бұл ненің белгісі? Солтүстік Қазақстан облыстық көпбейінді ауруханының онкологиялық орталық онко-хирургі, онко-маммолог Рафаэль Ризаев қалқанша безінің қатерлі ісігі туралы, негізгі белгілері, алдын алу жолдары жайында айтып берді. 

маман кеңесі
Фото: Рафаэль Ризаевтың жеке мұрағатынан

Дәрігердің айтуынша, қалқанша безінің қатерлі ісігі обырдың сирек кездесетін түрі болып есептеледі. Барлық онкологиялық аурудың ішінде оның үлесі — 1% ғана.

Десек те эндокриндік қатерлі ісік әлемде жаңадан диагноз қойылған жайттардың жалпы санының 91,2%-ын құрайды.

«СҚО-да қалқанша безінің қатерлі ісігімен былтыр 61 науқас диспансерлік есепке алынды. Осы жылы 12 адамнан анықталды. Сырқаттанғандарың ішінде әйелдердің үлесі басым, биыл ауырғандардың тек екеуі ер адам», — дейді Рафаэль Ризаев. 

Қалқанша безі көбелек тәрізді және мойынның ортаңғы бөлігінде трахеяның алдында және көмейдің астында орналасқан. Ол екі бөліктен тұрады.

Қалқанша безінің артында ағзадағы кальций алмасуына жауап беретін 4 кішкентай қалқанша маңы безі орналасқан.

Ал екі жағында орналасқан жүйке талшығы дауыстың шығуын қамтамасыз етеді. Олардың зақымдануы кейбір жағдайларда дауыстың өзгеруіне әсер етуі мүмкін. 

«Қалқанша безі гормон түзіп, ол қан арқылы тарап, көптеген органның жұмысына өмір бойы әсер етеді. Негізгі қызметі — жасушалардың белсенділігін ынталандыру. Қалқанша безінің гормондары жүрек соғу жиілігін, дене салмағын, температурасын, ұйқыны реттейді. Статистикаға сәйкес, қалқанша бездегі өзгерістерді анықтау ықтималдығы адамның жасына тікелей пропорционалды: жасы неғұрлым үлкен болса, өзгеріс соғұрлым жоғары болады. Тәуекел тобына 50 жастан асқан адамдар кіреді. Дегенмен, кейінгі кезде жастарда да қалқанша безінің қатерлі ісігі жиі анықталатын болған», — дейді онколог-дәрігер. 

Маманның айтуынша, қалқанша безінің өзгеруіне бірқатар фактор ықпал етуі мүмкін. Ол: генетикалық бейімділік, эндокриндік жүйе жұмысындағы ауытқулар, радиологиялық сәуле алудың әсері, ағзадағы йод тапшылығы, ұзақ уақыт қолайсыз экологиялық жағдайда өмір сүру. 

«Қалқанша безінде пайда болған ісіктің барлығы қауіпті, олар аз уақыт ішінде қатерлі ісікке айналуы мүмкін. Тіпті қатерсіз өсінділер мен диффузды зоб тез өсіп, едәуір ұлғайған кезде көрші органдардың қысылуына әкелуі мүмкін, бұл тыныс алуды қиындатады. Сонымен қатар эндокринологтың бақылауын қажет ететін қалқанша безінің созылмалы аурулары (тиреоидиттер) бар. Қалқанша безіндегі өзгерістер көбінесе ультрадыбыстық зерттеу кезінде кездейсоқ табылады. Егер жұтынған кезде бөгде зат тұрғандай болса, демалу қиындаса, дауыс қарлығып, тембрі өзгерсе, жүрек соғысы жиілеп, дене қызатын болса, тері жұқарып, құрғап, тырнақтың сынғыштығы пайда болса эндокринологқа қаралу керек. Сондай-ақ қатерлі ісік болғанда мойынның алдыңғы жағы ауырып, қызарады, көздің асты, бет ісінеді, ұйқы басып, бұлшықет әлсіздігі, тез шаршау мазаны алады. Маманға көрінуді ертеңге қалдыру арқылы алтын уақытты өткізіп алуыңыз мүмкін», — дейді Рафаэль Ризаев.

Онколог-дәрігер қалқанша безі обырының алдын алу үшін дұрыс тамақтануға, күнделікті рационға мүмкіндігінше жемістер мен көкөністерді қосуға, физикалық белсенділік танытып, жеткілікті ұйықтауға кеңес береді. 

Бұған дейін СҚО-да биыл балаларды профилактикалық қарап-тексеруге 495 млн теңге бөлінгенін жазған едік.