СҚО-да жылына 12,7 мың тонна тәтті бәліш өндіретін кәсіпорын салынып жатыр
АСТАНА.KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында тағам өнімдерін өндіретін заманауи кәсіпорын салу жөніндегі ірі инвестициялық жобаны іске асыру жалғасып жатыр. Жоба «Хлебпром» акционерлік қоғамы тарапынан «Бейкертон» және «МЕЛАС» компанияларының қатысуымен қолға алынған.
Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметінше, жобаның орындалу мерзімі 2023–2027 жылдар аралығын қамтиды.
Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 12 670 тонна тәтті бәліш, торт және қытырлақ нан өнімдерін өндіруге есептелген.
Жобаның жалпы құны – 37,3 млрд теңге. Оның 26,1 млрд теңгесі инвесторлардың өз қаражаты есебінен қаржыландырылса, 11,2 млрд теңге қарыз қаражат ретінде тартылған.
Өнімді негізінен Қазақстан мен Ресей нарықтарына бағытталған. Сонымен қатар өнім көлемінің 98 пайызы экспортқа шығарылады деп жоспарланып отыр.
Бұл өңірдің сыртқы экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда жоба белсенді түрде іске асырылып жатыр. Жеткізілуі 2026 жылдың қаңтар айына межеленген қаптама жабдықтардың келісімшарты жасалған. Сонымен қатар құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, тағы төрт қазақстандық кәсіпорын БАӘ импорттаушылары тізіміне кірді.
Шығысқазақстандық кәсіпорын Еуропаның 27 еліне бал сатады.