СҚО-да жол белгілеріне қатысты 300-ден астам кемшілік анықталды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы жол белгілерінің техникалық жай-күйі, көріну деңгейі және қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі бағаланды.
Жол активтері сапасының ұлттық орталығы СҚО филиалының мәліметінше, мамандар ҚР Көлік министрлігінің тапсырмасы аясында республикалық маңызы бар жол учаскелерінде инспекциялық тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Тексеру барысында жолшылар жол белгілерінің нормативтік-техникалық құжаттама талаптарына сәйкестігін бағалады.
Бүгінгі күнге дейін өңірдегі республикалық жолдарда орналасқан 15 820 жол белгісі тексерілген. Нәтижесінде олардың 305-і қолданыстағы талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды. Атап айтқанда, кейбір жол белгілерінде жарық қайтаратын үлдір мүлде болмаған немесе бүлінген. Сонымен қатар белгілердің талапқа сай орналастырылмауы, бағандардың қисаюы, тіректер мен бекіту элементтерінің тот басуы, белгілердің механикалық зақымдануы сияқты ақаулар анықталған.
Сондай-ақ жарық қайтаратын қасиеті әлсіреген жол белгілері де кездескен. Бұл олардың түнгі уақытта жүргізушілерге көрінуін қиындатып, жол қозғалысы қауіпсіздігіне кері әсер етуі мүмкін. Осы кемшіліктер туралы ақпарат жауапты ұйымдарға жолданып, оларды жою бойынша тиісті ұсыныстар берілді.
Мамандардың айтуынша, мұндай инспекциялық тексерулер жол инфрақұрылымындағы ақауды дер кезінде анықтап, оларды жоюға мүмкіндік береді. Бұл жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және жол пайдаланушылар үшін қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді.
Автомобиль жолдары мен жол инфрақұрылымы нысандарының жай-күйін мониторингтеу жұмысы әлі де жалғаспақ.
Бұған дейін Абай облысында жол қауіпсіздігін арттыратын 13 лазерлік кешен орнатылғанын жазған едік.