СҚО-да жолдан шығып кеткен жүк көлігі аударылды, жүргізуші аман қалды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар ауданында жол апаты салдарынан көлік кабинасында қысылып қалған жүргізуші құтқарылды, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігі.

СҚО-да жолдан шығып кеткен жүк көлігі аударылды, жүргізуші аман қалды
Фото: Видеодан алынған кадр

Оқиға Талшық ауылы маңындағы республикалық маңызы бар жолда болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, жүк көлігінің жүргізушісі көлікті басқара алмай, жолдан шығып кетіп, аударылып қалған.

- 1962 жылы туған азамат көлік кабинасында қысылып қалған. Оқиға орнына дереу жеткен құтқарушылар гидравликалық құралдың көмегімен оны сыртқа шығарып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды, - делінген ақпаратта.

Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарды жолда сақ болуға шақырады.

Айта кетейік, ШҚО-да биыл малдың жолға шығып кетуі салдарынан 11 жол апаты болды.

Соңғы жаңалықтар