СҚО-да ЖРВИ мен тұмау жұқтырғандардың арасында ауыр сырқаттанғандар жоқ

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында жіті респираторлық вирустық инфекция мен тұмау жұқтырғандар саны азаяр емес. 

денсаулық
Фото: Kazinform

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен аптада 2,8 мың адамға ЖРВИ диагнозы қойылған. A/H3N2 типті тұмау жұқтырған 22 науқас дәрігер көмегіне жүгінді.

— Эпидемиялық маусым басталғалы 36 565 адам ЖРВИ-мен ауырды. Бұл өткен жылдың деңгейінде қалып отыр. Сырқаттанғандардың 24,5 мыңы — 14 жасқа дейінгі балалар.

Қараша айынан бері 195 адам тұмау жұқтырса, тұмауға жатпайтын вирустар — риновирус диагнозы 11 адамға, бокавирус — 8, аденовирус 4 адамға қойылды, — дейді санитар дәрігерлер.

СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта инфекциялық стационарда 136 сырқат ем алып жатыр. Ауырғандардың 111-і — балалар. Сондай-ақ 88% — ЖРВИ-мен жатыр.

— ЖРВИ негізінен балалар арасында тараса, тұмаумен ауырғандардың көпшілігі ересектер. Медициналық қызметкерлерге тұмаумен қаралғандардың 118-і ересектер, қалған 77-сі — балалар.

Қазіргі уақытта тұмаудың, ЖРВИ-дің асқынған түрімен жансақтау бөлімінде ем алып жатқан сырқаттар жоқ. Эпиджағдай бақылауда. Қажет болса медициналық ұйымдар қосымша инфекциялық орындар бөлуге әзір, — дейді басқарма өкілдері.

Бұған дейін Алматы қаласында бір аптада 14 720 адам тұмау жұқтырғанын жазған едік