СҚО-да жүк көлік жүргізушілерінің кейбірі айыппұл төлемеу үшін жалған нөмірмен жүреді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысында жүк көлігінің кейбір жүргізушілері заң бұзып, жолдардағы автоматты бақылау жүйелерінің камераларына түскенімен, жазасыз қалып отыр.
СҚО әкімдігінде өткен жиында облыстық көліктік бақылау инспекциясының басшысы Нұрсұлтан Жамашов өңірдегі жағдайға тоқталды.
Қазір өңірде автоматтандырылған екі өлшеу станциясы жұмыс істейді. Бұл жүйе көліктердің салмағы мен габаритін автоматты түрде өлшейді. Облыста станциялар былтыр мамыр айында қосылып, нәтижесінде биылғы наурызға дейін артық жүктеме және габарит бұзудың 747 дерегі анықталған. Алайда соның тек 16% бойынша ғана айыппұл рәсімделген. Қалған жағдайда жүргізушілер жазасыз қалып отыр. Мәселе техниканың әлсіздігінде емес, жүргізушілердің айлакерлігінде.
- Кейбір жүргізушілер мемлекеттік нөмірін әдейі жасырып, жалған немесе өзгертілген нөмірлік белгілер пайдаланып, тіпті бақылау станцияларын айналып өтеді. Соның салдарынан цифрлық бақылау жүйесінің мүмкіндігі толық іске аспай отыр. Қазіргі таңда басты проблема - заңбұзушылықты жасырудың жолдары көбейген. Сол себепті мемлекеттік органдар арасында бірлескен іс-қимыл жасау туралы арнайы Жол картасын бекітуді ұсынамын, - дейді Нұрсұлтан Жамашов.
Биылғы үш айда автоматтандырылған өлшеу станциялары арқылы анықталған заң бұзу фактілері бойынша 4,4 млн теңге айыппұл төлеу туралы 14 нұсқама жолданған.
Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта СҚО аумағында 7,5 мыңға жуық жүк көлігі тіркелген. Оның ішінде 1435-і – салмағы 20 тоннадан асатын ауыр самосвалдар.
Жалпы былтыр 5,5 мыңға жуық жүк көлігі тексеріліп, анықталған заңбұзушылықтар бойынша 900-ден астам әкімшілік материал толтырылған. Нәтижесінде жалпы сомасы 213,5 млн теңге айыппұл салынып, өндірілді.
Бұған дейін тағы 1,5 мың шақырым жолда орташа жылдамдықты бақылау жүйесі енгізілетінін жазған едік.