СҚО-да жыл басынан бастап ауыл шаруашылығына 36 млрд. теңге инвестиция құйылды (ФОТО)

«Ағымдағы жылғы қаңтар-қыркүйекте ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 36 млрд астам теңге құйылды. Бұл облыс бойынша инвестицияның жалпы көлемінің 33 пайызы. Саланың негізгі капиталына инвестиция көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 13,5 пайызға төмендеді», - делінген хабарламада.
Инвестицияның басым бөлігі Ғ. Мүсірепов (66,9%) және Жамбыл аудандарының (6,2%) ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталды.
Саланың негізгі капиталына инвестиция қаржыландыру көздерінің ішінде кәсіпорынның жеке қаражаты жалпы көлемнің 92,9%-ын, банктер кредиттері - 1,5%, инвесторлардың басқа да қарыз ақшасының үлесі 5,6%-ды құрады.
Ауыл шаруашылығы салаларының арасында инвестициялауға барынша тартымдысы өсімдік шаруашылығы (ауыл шаруашылығына бағытталған инвестицияның жалпы көлемінің 69 пайызы) болды. Мал шаруашылығына - 5,4 пайыз, аралас ауыл шаруашылығына - 24,8 пайыз, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру саласындағы қызметтің қосалқы түрлеріне 0,8 пайыздан келді.